Өнерлі отбасыларға көрсетілген құрмет

(0 Votes)

Кез-келген адамның шығармашылық не кәсіби тұрғыдан табысқа жетуі отбасының қолдауына байланысты екені белгілі. Үйдегілердің демеуімен алынбайтын қамал жоқ. Адамдағы жақсы қасиеттердің өзі әкенің қанымен, ананың сүтімен келеді.

Қыркүйек айының екінші жартысы отбасы күні қарсаңында Мақат аудандық мәдениет үйінде талантымен танылып, аудан атын асқақтатып жүрген өнер иелерінің ата-аналарына құрмет көрсету шарасы болып өтті.

Кештің басты меймандары арнайы орындарға жайғасқаннан кейін концерттің шымылдық ашар нөмірі ретінде жиналған аз қауымға Доссор мәдениет үйіндегі «Еркем-ай» би тобы «Ыңғайтөк» биін көрсетті.

Ән әлеміне қанат қағып аймақтық, респубикалық, халықаралық сайыстардың жүлдегері «Тұран» триосының құрамында Бекзат Мұқанбетжанов, Азмат Елубаев, Жасұлан Сисембаев атты жігіттер бар. Қазақ эстрадасындағы ең танымал трио «МузАРТ» секілді бірін-бірі толықтырып тұратын үш жігіттің сахнаға шығуынсыз аудан төрінде ән кеші өтпейді десек артық болмас. Ал мәдениет үйіндегі ұзақ жылғы тәжірибесінің арқасында кіші және ортаңғы топтарынан тұратын «Шаттық» би тобының жетекшісі Нұргүл Базарқұлованың шәкірттерінің республикалық, халықараық деңгейдегі табыстары туралы газетімізде талай мәрте жазған болатынбыз. Сондықтан марапат үшін осы екі ұжымның таңдап алынуы тегіннен тегін емес.

Аталған өнерпаздардың асқар тау әкелері мен ақ жаулықты аналарын Мақат аудандық мәдениет үйінің директоры, ҚР «мәдениет саласының үздігі» Кенжебике Тулебаева отбасы күніне орай алғыс хатпен марапаттап, естелік сыйлықтар табыстады. Бағдарлама Доссор мәдениет үйінің әншілері Төлегеновтер отбасының «Сенім» шырағы және Данияр Еримовтың «Анаға сый» әнімен жалғасты. Осы кезде өнерпаздардың аналарына гүл шоғы берілді.

Сонымен қатар ол күн «Тұран» тобының белді мүшесі Жасұлан Сисембаевтың әкесі Жалғасбай мырзаның туған күніне сәйкес келгендіктен қуаныш иесінен қонақкәде сұралды. Қызметі басқа салада болса да жасынан баянды жанына серік еткен Жалғасбай Құрбанов күтпеген өтініштен тосылып әуелі өзі, кейін ұлымен бірге дуэт болып бірнеше әнді жанды дауыста шырқап берді.

Жүргізушінің: «Сіздің күміс көмей әнші екеніңізді білеміз. Ал әкеңіз сізді мықты әнші санай ма?», - деген сұрағына, Жасұлан: «Кезінде данышпан Абайға әкесі Құнанбай сенен мен мықтымын. Менен озамын  десең Абайдай бала таптыр деген екен. Сондықтан мен өзге үшін қанша мықты болғаныммен әкемнің алдында осалмын», - деп жауап қайырды.

Нұргүл Базарқұлованың «Шаттық» ортаңғы би тобы қазақ биін орындап, Мақат мәдениет үйінің әншісі Раушан Әлиеваның «Алғыс» әнімен мерекелік шара соңына жетті.

 

                                                                                                                                               А.Жұмабекұлы

                                                                                                                                             Суреттер автордан

      

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT