Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауындағы бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша заңнамаларға енген өзгерістерді түсіндіру, сонымен бірге мемлекетпен кепілдендіріліген тегін заң көмегін беру және нотариаттық іс-әрекеттер бойынша түсінік жұмыстарын жүргізу мақсатында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жиын өтті.
Жиын аудан әкімі Шәкір Кейкінұлының төрағалығымен өтіп, дербес бөлім басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, кент, округ әкімдері мен тұрғындар қатысты.
Шараға облыстық Әділет департаменті басшысы Асылан Каримов, Әділет департаментінің құқықты түсіндіру және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Нұргүл Елубаева, облыстық Заң кеңесшілері палатасының төрағасы Нұрасыл Мубарак, Заң кеңесшілері палатасының заңгері Зәмзәгүл Күзденғалиева арнайы келіп, тұрғындарға заң көмегін көрсету және заңнамаларға енген өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жиын барысында аудандық полиция бөлімі әкімшілік бөлімінің бастығы Нұрлан Казимов 2019-2020 жылдағы айыппұлдарға енген өзгерістерді түсіндірді. «Борышкер» жедел алдын алу шарасына қатысты 76% көрсетіп, аудандар арасында борышкерлердің қарызын өндіруден алда келетінін жеткізді.
Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Гүлжанар Өтешова 2020 жылғы атаулы әлеуметтік көмек алудағы өзгерістер туралы баяндады.
Жаңа атаулы әлеуметтік көмек заңнамасын бейнеролик арқылы түсіндіріп, толықтырып өтті. Жалпы еліміз бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы жаңа мемлекеттік жәрдемақы алатын болады. Аталған мемлекеттік жәрдемақы төрт немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленетін болады. Жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады. Яғни, 4 баласы бар отбасыға -42496 теңге, 5 балаға – 53127 теңге, 6 балаға – 63757 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74388 теңге төленеді. Орта есеппен алғанда, жәрдемақы мөлшері әр балаға 10-11 мың теңгені құрайды.
Баяндамашы Гүлжанар Өтешова жалпы аудан тұрғындары сәуір айынан берілген атаулы әлеуметтік көмек алу үшін түрлі заңсыздықтарға барғанын айтты. Қазіргі таңда көмекті заңсыз алған отбасылардың ісі әшкереленіп, бюджетке 6 миллион теңге қайтарылуда.
«Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының» облыстық филиалының әлеуметтік қамсыздандыру бойынша аудандық бөлім басшысы Сәулеш Абылайқызы әлеуметтік төлемдердегі өзгерістер туралы түсінік берді.
«Жалпы, мемлекеттік корпорация 42 төлем түрін қамтиды. Аудан бойынша алушылар саны 9508 болса, әр ай сайын орта есеппен төленген қаржы 349 миллон 240 мыңды құрап отыр. Еліміздің бюджет туралы заң жобасына сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін арттыру жоспарлануда. Жаңа тағайындалатын зейнетақының мөлшерін есептеу үшін есепке алынатын ең жоғары табыс -121 946 теңгені құрайды. Көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы беру арқылы қамтамасыз етіледі және жәрдемақы мөлшері бала санына қарай сараланады. Осыған орай бұрын көпбалалы отбасы ретінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушылар, яғни, 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған аудан бойынша 695 жәрдемақы алушыға қайта есептеу автоматтық түрде жүргізіледі. Аталған жәрдемақыға аудан бойынша жаңадан тағайындау шамамен 250 немесе 280 отбасыға тиесілі болады деп жоспарлануда»,- деді Сәулеш Абылайқызы.
Әділет департаментінің құқықты түсіндіру және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Нұргүл Елубаева кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету тәртібі және еліміздің қолданыстағы заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы жиналысқа қатысушыларды ақпараттандырды.
Жиын барысында қатысушылар жауапты тұлғаларға сауалдарын жолдап, жауап алды.
Шара соңында «Nur Otan» ғимаратында Әділет департаментінің құқықтық насихаттау тобы тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордікі