Теміржол. Тепловоз. Тағдыр

(0 Votes)
Теміржол. Тепловоз. Тағдыр

 Тоғыз жолдың торабына айналған Мақатта қаншама халық еңбек етіп, елдің дамуына үлесін қосуда. Еңбек ер атандыратынын ескерсек, соған лайық жандар аз емес. Солардың бірі - тепловозды тізгіндеген машинист Балмағамбет Сайфолла Бисенбайұлы. 

1976 жылы Доссор кентінде дүниеге келген ол 1983 жылы қазіргі Х.Санбаев атындағы орта мектептің табалдырығын аттаған. Мектеп бітіріп, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келген соң Мақат локомотив пайдалану депосына жұмысқа орналасады.

Ата-анамның ізімен мен де теміржол саласын таңдадым. Екінші жағынан жан-жағымыздағы көршілеріміздің бәрі машинист болғанын көріп өстім. Ол кездерде Мақатта өзге ұлт өкілдері көп еді. Орыс, әзірбайжан, украин сияқты жарлас тұратын көршілеріміздің бәрі осы салада қызмет етті. Үстеріне арнайы формаларын киіп алып, жұмысқа күн демей, түн демей қатынап жататын еді. Жұмыстарындағы әрбір сапарларындағы оқиғаларды бір-бірлеріне айтып жатқан қызықты әңгімелері менің қызығушылығымды оятты. Ол кездері машинистің өзге мамандыққа қарағанда статусы бір саты жоғары тұратын. Дүкендегілер оларды көрсе жол беретін еді, - дейді ағамыз.

Кәсібін төменгі сатыдан бастаған еңбек адамы алдымен қарапайым жөндеуші болған. Ал 2000 жылы тепловоз машинисінің көмекшісі болу үшін Ақтөбе қаласына барып, алты айлық курс оқыған. Кейін 2000-2002 жылдар аралығында машинист көмекшісі болып қызмет жасаған. Міне, содан бері Сайфолла ағамыз 21 жыл бойы тепловозды тізгіндеп, рельс бойында жүйткіп, халықты тасымалдап, ел алғысын алып келеді.

-Еңбек жолында білмегенімді үйреткен, кәсіби бағдар көрсеткен ағаларымыз көп болды. Нұржігіт Ахметов, Талғат Бапиев, Серік Жүгініс сынды білікті машинист ағаларымыз өз ақылдарын аямай, нағыз маман болуыма бір кісідей атсалысты, – дейді ол ұстаздарына риза кейіппен.

Биыл Сайфолла ағамыздың осы салада тынбай еңбек етіп келе жатқанына 30 жылға таяды. Біреуге аз, енді біреуге көп болып көрінер. Десе де, бұл да бір адамның басына берілген әз ғұмыры.

- Кейде әріптестерім «Бір жерде, бір орында осыншама жыл жұмыс жасаудың сыры неде? Енді алты жыл осы жерде жұмыс жасасаң, бір ғана еңбек кітапшасымен зейнетке шығатын болдың ғой» деп әзілдеп жатады. Ал мен мұны мамандығыма деген махаббат деп білемін. Не жасасаң да, бар ынта-жігеріңді салып жасау керек, - дейді Сайфолла ағамыз.

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші», Сайфолла Бисенбайұлы өнерден де кен де емес. Бала күнінен түрлі аспаптарда ойнауды хоббиіне айналдырған. Мектеп қабырғасында өзін бірнеше салада сынап көрген. Асыл сөздің маржанын теріп, қара өлеңді де жанына серік еткен. Шығарған өлең-жырлары естелік ретінде әлі күнге дейін қағаз беттерінде сақтаулы. Ұжымдастары арасында сол өнерін паш етіп, ортаны думанға бөлейді екен.

Адам өмірінде отбасының алар орны ерекше. Бүгінде Сайфолла ағамыз асыл жары Жанаргүл апамен үш қыз бен бір ұлды тәрбиелеп отырған жарасты жанұя. Өмірлік жарымен тағдырының тоғысуы да осы мамандықпен байланысты.

-Ақтөбеде оқуда жүрген кезім. Біз жалдап тұрған үйде көрші қыз болды. Көңілім ауып, таныстым. Кейін жұмысыма қайтып оралдым. Жұмыс бабымен түрлі қалаларға іс-сапарларға барып жүрдік. Бір күні қазіргі жан-жарымның ауылы Мұғалжар ауданына іс-сапарға барған болатынбыз. Сол сәтте Жанаргүлді тағы да жолықтырдым. Сол кездегі қасымдағы машинист Берік Мусалиповке осы қызды жақсы көретінімді, көңіл жарастырғым келетінін айттым. Сөйтіп, жүйткіген тепловозбен жарымды алып келдім, –дейді ағамыз риясыз күліп.

Еңбек пен мамандыққа деген сүйіспеншілік қашан да адамды биік шыңдарға жетелейді. «Еңбегімен ер сыйлы» демекші, біздің кейіпкер де сондай құрметке ие жан.

Теміржол. Тепловоз. Тағдыр. Осы үш-ақ сөз оның өмірін айшықтап тұрғандай...

Ж.Нұрбегісқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521