Мария дәстүрлі қолөнерді дәріптеп жүр

(0 Votes)

Қазақ халқының мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтарының бірі - оның қолөнері. Бұл өнер – ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. 

Шеберлер ұлттық қолөнерлер бұйымдарын жасау арқылы сол халықтың этикалық және мәдени ұлттық дәстүрін көрсете білген. Мұнайлы мекенімізде де қолөнер саласында өзіндік үлесін қосып жүрген жандар жоқ емес. Солардың бірі – Мария Мұқанова.

Ол бүгінде түрлі қолөнер байқауларының жеңімпазы атанып, оны дәріптеуші ретінде біраз жетістікке жетіп жүр.

Айтуынша, ұлттық өнерді жан-жақты түрлендіріп, көпшілікке ұсынып жүрген қолөнершіні бұл өнерге анасы баулыған.

«Анамның арқасында қазіргі таңда қолөнер саласында біраз жетістіктерге жеттім. Бірде әлеуметтік желіден «Қол өнер дауысы - 2022» байқауының аудандық іріктеуі басталатынын көзім шалып қалды. Сосын жасаған туындыларымды апарып, бағымды сынап көрейін дедім. Байқаудың іріктеу кезеңінде комиссия мүшелері жұмыстарымды қарап, оң бағасын беріп, облысқа жолдама алдым. Ал, облыстық кезеңде міндетті түрде қазақи нақыш болу керек болды. Этностильдегі киімдер мен бұйымдар ойлап тауып, сол ойлап тапқан заттарымның арқасында «Тоқыма және кесте» номинациясы бойынша жеңімпаз атандым. Және менің суретімді жеңімпаз ретінде қаланың ортасына «қолөнерді дәріптеуші» ретінде баннерге ілді. Ал мен, жай ғана хоббиім мұншалықты дамиды деп ойламап едім», - дейді Мария.

Иә, жоғарыда аталған байқау этно-дизайнер ретінде дамуына үлкен шабыт бергендігін айтқан ол қазіргі таңда тек қолөнерші емес, этно-дизайнер атанған. Яғни, қазақтың ұмыт қалған ою-өрнегін дәріптеп, тоқылған киімдерге, бұйымдарға ою-өрнек салып, қазақи нақышта әшекейлер жасап, оның дизайнын ойлап табады.

Кейіпкеріміз бүгінгі ұрпаққа қолөнерді насихаттап қана қоймай, болашақта бұл өнерді дамытқысы келетінін де жеткізді.

«Біздің отбасымыз қолөнерге бейім. Әжем Назира да соғыс кезінде солдаттарға шұлық, қолғап тоқыған екен. Ал әжемнің анасы Сарықыз алаша тоқыған шебер болыпты. Анам да бұл өнерден құралақан емес. Мен де ұмыт қалған ою-өрнектерді жаңғыртып, бұл өнердің дамуына үлес қосып жүрмін деп білемін», - дейді ол.

Айта кетейік, Мария биыл Президент сарайында өткен республикалық қолөнершілердің көрме-фестиваліне қатысып, дизайнерлік жұмыстары жоғары бағаланып, жеңімпаз атанған. Сондай-ақ, «Ұршық» республикалық қоғамдастығының мүшелігіне қабылданып, одан Қазақстан этнодизайнерлер одағы ұйымдастырған Алматы қаласында өткен онлайн көрме-фестивалінде аталған одақ Президентінің алғыс хатын алған. Және жақында Атырау қаласында еліміздегі атақты дизайнердің бірі, «Ұршық» республикалық қоғамдастығының басшысы Бибігүл Карденованың «Ұршық пати» көрмесінде арнайы дипломмен марапатталды.

Мария ұлттық өнерді жаңа қырынан дамытып, әрі қарай жандандырғысы келеді. Оған қарым-қабілеті жеткілікті.

Ә.ҚАСЫМ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521