Өркениетті ел болу үшін тазалық ұғымын қоғамда терең орнықтыру қажет. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың 14 наурыз күні Көкше баурайында өткен Ұлттық құрылтайда айтқан болатын.
«Ислам – тазалықтың діні. Өркениетті ел болу үшін тазалық ұғымы қоғамда терең орнығуы керек. Былтырдан бері елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Жалпыұлттық жоба жұртшылықтың кең қолдауына ие болды. Әсіресе, жастарымыз, соның ішінде еріктілер ерекше белсенділік танытты. Ұлттық құрылтай мүшелері де игі іске атсалысты. «Таза Қазақстан» жай науқан емес екенін мен бірнеше рет айттым. Оның түпкі мазмұны көшені, ауланы тазалаумен шектелмейді. Бұл – ұлттық болмысымызға қатысы бар мәселе, тұтас еліміздің келбетін өзгертетін бастама. Мен осы жерде Таза Қазақстанның тағы бір сипаты азаматтарымыздың сана-сезімі мен жан-дүниесінің тазалығы екенін атап өткім келеді. Рухани тазалық – ұлт сапасын айқындайтын маңызды фактордың бірі. Демек, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға ата дініміз де оң ықпал етеді»,- деді Мемлекет басшысы.
Иә, аудан тазалығы – ол ауыл келбеті екені белгілі. Осы ретте ауданда көше тазалығын сақтау, елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру мақсатында бірқатар тың жобалар жүзеге асырылып, түрлі жұмыстар ұйымдастырылды.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Темірбек Іңірбайдың мәліметінше былтырғы жылдың 6 сәуірінен бастап ұйымдастырылған экологиялық акцияда жалпы көлемі 462 тонна қоқыс шығарылған.
«Ауданда 2024 жылдың 6 сәуірінен бастап, мемлекет басшысының аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде берген тапсырмасына сәйкес республика көлемінде өзіндік тақырыбы мен мақсатына сәйкес «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ұйымдастырылуда. Акцияға аудан бойынша 2318 адам, 15 техника жұмылдырылды. Аудан бойынша барлығы 26,09 га жер аумағы тазаланып, 462 тонна қоқыс шығарылса, 3888 тал отырғызылды. Атап айтқанда, Бәйгетөбе ауылдық округінен экологиялық акцияға 210 адам,2 техника жұмылдырылып, округ бойынша 1250 жасыл желек отырғызылды. Сонымен қатар, 3,9 га жер аумағы тазаланып, 53 тонна қоқыс шығарылды. Ал, Доссор кенті бойынша экологиялық акцияға 1017 адам, 8 техника жұмылдырылып, 11 гектар жер аумағы тазаланды. Кент бойынша 302 тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ, 2008 жасыл желек отырғызылып, 2 баннер орнатылды. Мақат кентіне келер болсақ, аталмыш акцияға 1091 кент тұрғындары мен аудан еріктілері ат салысып, 12 га жер аумағы тазаланды. Нәтижесінде 54 тонна қоқыс шығарылды. «Таза Қазақстан» акциясы бойынша 3 баннер орнатылып, кент аумағына 630 жасыл желек отырғызылды. Сонымен қатар, тазалық жұмыстарына 5 техника жұмылдырылды. Аталған акция бойынша тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстары кеңінен ұйымдастырылды. Айта кетейік, сенбілік жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Одан өзге аталған экологиялық акция негізінде «Үлгілі үй, таза аула», «Үлгілі көпқабатты тұрғын үй», Үлгілі қоғамдық ғимарат» аталымдарымен байқау ұйымдастырылды. Байқау қорытындысына сәйкес, «Мақат желілік өндірістік басқармасы» мекемесі «Үлгілі қоғамдық ғимарат», «Мұнайшы газеті» көшесі 81 тұрғын үй тұрғыны Жанбол Бекенбаев «Үлгілі үй, таза аула», С.Мұқашев көшесі 35 тұрғын үй «Үлгілі көп қабатты тұрғын үй аталымдарымен марапатталды»,- дейді бөлім басшысы.
Қалай айтсақта ауыл – ортақ үйіміз. Сондықтан, оның көркейіп, гүлденуіне әрбір тұрғын бей-жай қарамай, қоқыс-қалдықтарды кез келген жерге тастамау қажет. Өйткені, төңіректі таза ұстап, көркейту өз қолымызда.
Ботакөз Асхатқызы