Газетіміздің әр санында тұрақты түрде жарияланып, оқырманның ыстық ықыласына бөленіп жүрген «Мақат маңайынан» айдары бұл жолы да алыста жүрсе де, туған топырағын ұмытпай, елге еңбегімен танылып жүрген жерлесімізге арналды. Бұл жолғы кейіпкеріміз – жас та болса, жауапты қызметтің тізгінін ұстаған, шығармашылық пен білімді қатар алып жүрген Жадыра Есімова.


Кейіпкеріміздің есімі аудан жұртшылығына жақсы таныс. Себебі ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ отты өлеңдерімен көзге түсіп, жыр сүйер қауымның ықыласына бөленген, жыр жинағын жарыққа шығарған ақын қыз.
Бүгінде Жадыра Алматыдай алып шаһарда, еліміздің маңдайалды жоғары оқу орындарының бірі – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде табысты еңбек етіп жүр.
«Мен өзіміздің мұнайлы Мақат өңірінде 2002 жылы дүниеге келдім. Отбасындағы ортаншы перзентпін. Алдымда аға мен әпкем бар, ал өзімнен кейін сіңлім өсіп келеді. Алғашқы білім нәрін аудандағы іргелі оқу ордасы Х.Санбаев атындағы орта мектептен алдым»,-дейді кейіпкеріміз.
Жадыра Есімова 2019 жылы Хамза Санбаев атындағы орта мектепті тәмамдап, сол жылы-ақ өзі бүгінде қызмет етіп жүрген университеттің филология факультетіне оқуға түседі.
«Мектеп кезінен өлең жазып, шығармашылыққа жақын болдым. Сондықтан да болар, болашағымды филологиямен байланыстырдым», – дейді ол.
Студенттік жылдар жас ақын үшін тек білім алу кезеңі ғана емес, шығармашылық ізденістерінің шын мәніндегі бастауы болды. Университет қабырғасында жүріп-ақ ол өз ойы мен сезімін өлең жолдары арқылы еркін жеткізіп, поэзия әлемінде өзіндік үнін қалыптастыра бастады. Ішкі толғаныстары мен өмірге деген көзқарасын шағын жазбалар мен жыр шумақтарына арқау еткен жас қаламгердің еңбектері біртіндеп жүйеленіп, нақты шығармашылық бағытқа ұласты.
Осы ізденістердің нәтижесінде 2021 жылы өлеңдері мен шағын прозалық ой-толғамдарынан құралған тұңғыш жыр жинағы жарық көрді. «Oi.Oian. Oilan» деп аталған бұл кітап жас ақынның ішкі жан дүниесін, замандас жастың ойлау жүйесін, қоғам мен адам болмысына қатысты толғаныстарын айқын бейнелейді. Аталған жинақ оның шығармашылық жолындағы маңызды белеске айналып, жас ақынның әдеби ортаға батыл қадам басқанын аңғартты.
«Өлең – толғаныстан туатын дүние. Оған арнайы отырып дайындалмайсың. Шабыт қай уақытта келсе, сол сәтте ішкі сезім өзінен-өзі сыртқа шығады», – дейді кейіпкеріміз.
Оқу барысында ақын-жазушылардың батасын алып, шығармашылық ортада шыңдалған ол 2023 жылы жоғары оқу орнын тәмамдайды. Төрт жылдық еңбектің жемісі – көптен күткен дипломды қолына алған соң, Мақат аудандық жастар ресурстық орталығына жұмысқа орналасады. Алайда тағдыр оны қайтадан үлкен білім ордасына жетелейді.
«Арада үш ай өткенде өзім білім алған факультеттің деканы жұмысқа шақырды. Бір күннің ішінде тәуекелге бел буып, Алматыға қайта оралдым. Содан бері өзім түлеп ұшқан білім ордасында қызмет етіп келемін», – деп еске алады ол. Бұл шешім кейіпкеріміздің өмір жолындағы маңызды бетбұрысқа айналды. Өзі білім алған оқу ордасына қайта оралу – үлкен жауапкершілік пен сенімді талап ететін қадам еді. Дегенмен, жас маман бұл ұсынысты кәсіби дамуға берілген мүмкіндік ретінде қабылдап, тәуекелге бел буды.
Қызмет атқара жүріп, ол білімін жетілдіруді де назардан тыс қалдырған жоқ. Үш жыл ішінде магистратураны табысты тәмамдап, теориялық білімін практикалық тәжірибемен ұштастыра білді. Осы уақыт аралығында ол жоғары оқу орнының ішкі жүйесімен терең танысып, оқу процесін ұйымдастыру, академиялық бақылау мен әдістемелік жұмыс бағытында мол тәжірибе жинақтады.
«Ұлттық университетте, әсіресе оқу процесін ұйымдастыру саласында жұмыс істеу оңай емес. Бұл сала үлкен жауапкершілік пен ұқыптылықты талап етеді. Соған қарамастан, атқарып жүрген қызметім өзіме ұнайды. Ең бастысы – ізденімпаз, талапты жастарға сапалы білім беруге өз үлесімді қосу», – дейді жас маман.
Оның айтуынша, студенттермен жұмыс істеу, олардың кәсіби қалыптасуына ықпал ету – күнделікті еңбегіне мағына мен мазмұн сыйлайтын басты құндылықтардың бірі.
«Әр студент – елдің ертеңі. Олардың білімге деген ұмтылысын ашу – сапалы болашаққа бағыт беру іспетті. Әр дәрісте берілетін жаңа білім арқылы олар мамандығына деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, өзіне деген сенімін нығайтады. Студенттің ой-өрісін кеңейтіп, сыни тұрғыда ойлау қабілетін қалыптастыру – ұстаз бен маманның басты міндеті. Сол арқылы елге қызмет ететін, жауапкершілігі жоғары, білікті кадрлар даярланады», – дейді ол.
Жадыраның алға қойған мақсаты айқын әрі өмірлік ұстанымымен сабақтас. Ол алған білімі мен жинаған тәжірибесін туған өлкесінің дамуына арнап, білім саласына өз үлесін қосуды басты мұраты санайды. Ел ішінде жүріп, жас ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау, олардың кәсіби бағдарын айқындауға ықпал ету – кейіпкеріміздің көкейіндегі негізгі ойлардың бірі.
«Ауданымыздағы мектеп мұғалімдері өзара тәжірибе алмасып, ал бітіруші түлектер Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысса деймін. Жастардың үлкен білім ордасын көзбен көріп, мақсат-мүддесін ертерек айқындауы олардың болашақ таңдауына оң әсер етеді», – дейді ол. Бұл ойынан оның туған жерге деген жанашырлығы мен жас буынға деген жауапкершілігі анық аңғарылады.
«Бос уақытымды барынша пайдалы өткізуге тырысамын. Алматының әсем табиғаты, көз тоймас асқақ Алатауы маған әрдайым шалқар шабыт сыйлайды. Қолым қалт еткен сәтте, әсіресе демалыс күндері, тауға шығып, табиғатпен сырласып, жаңа өлең жолдарын қағазға түсіруге құлшыныс оянады. Таудың тынысы мен саф ауасы ойымды сергітіп, шығармашылыққа жаңа серпін береді.
Қазіргі таңда поэзиямен қатар прозаны да қатар алып, әдеби ізденіс аясын кеңейтіп жүрмін. Бұл бағыттағы жұмыстарым ішкі дүниемді тереңірек ашуға, ойымды өзгеше қырынан жеткізуге мүмкіндік беруде»,- дейді ол. Соңғы уақытта ол поэзиядан гөрі проза жанрына көбірек бет бұрып, әңгімелер мен шағын прозалық туындылар жазуға ден қойып жүр. Бұл оның шығармашылық ізденісінің жаңа кезеңге аяқ басқанын аңғартса керек.
Сонымен қатар ол жұмыстан тыс уақытын тиімді пайдаланып, докторантураға тыңғылықты дайындалуда. Ғылыми ізденіспен қатар шығармашылықтан да қол үзбей, рухани әлемін байытуға ден қойған.
«Қазір әңгімелер мен прозалық дүниелер жазып жүрмін. Алда келе жатқан 2026 жылға жоспар көп. Алла қаласа, шығармашылыққа қатысты жақсы жаңалықтарыммен бөлісемін», – деп түйіндейді кейіпкеріміз. Оның бұл сөзінен алдағы күндерге деген сенім мен шығармашылыққа деген жауапкершілікті анық байқауға болады.
Туған жерден түлеп ұшып, үлкен білім ордаларында тәжірибе жинақтап, оны ел игілігіне жұмсауды мақсат еткен осындай жерлестеріміз – өңірдің ғана емес, тұтас елдің мақтанышы. Білім мен шығармашылықты қатар алып жүрген жастардың жолы – кейінгі буынға үлгі, қоғам үшін құнды бағыт екені сөзсіз.
«Мақат маңайынан» айдарының әрбір кейіпкері – өз ортамыздан шыққан, табандылығы мен еңбегінің арқасында биік белестерді бағындырып жүрген жандар. Олардың өмір жолы, жетістігі мен тәжірибесі мұнайлы өлкенің жас ұрпағына үлгі бола алады.
Ж.ҚАМЗА



