Жақында Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын ардақты аналарымыз, іскер әйел, еліне сыйлы, еріне адал қазақ ханымдары арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық орталығының ұйымдастыруымен «АЯУЛЫ АНА» атты республикалық байқау өтті.
Конкурс шарты бір-бір шаңырақтың түтінін түтеткен отанасы болумен қатар, қоғамдық өмірге де белсене араласып жүруі тиіс.
Байқауға қатысу үшін еліміздің әр өңірінен мыңға жуық ана өтініш білдірген.
Екі кезеңнен сүрінбей өткен тек жүз әйел үздік атанып, «Аяулы ана» төсбелгісімен марапатталды.
Олардың қатарында Мақат кенті әкімі аппаратының бас маманы Гүлбаршын Назарова мен аудандық орталық кітапхананың басшысы Ақмарал Өтешова бар.
Марапат биігінен көрінген жерлестеріміз Тәуелсіздік жылдарынан өз мамандығының хас шебері атанып, еліміздің дамуына үлес қосып жүрген тұлғалалар.
Осылайша, олардың қоғамға қосқан зор үлесі ерекше бағаланып, «Аяулы ана» байқауының жеңімпазы атанып, I-дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар, ата-ана ретіндегі еңбегі мен қоғам алдындағы жауапкершілігі ескеріліп, арнайы орденмен марапатталды.
Жалпы «Аяулы ана» байқауы еліміздің дамуына үлес қосып жүрген аналар мен әйелдердің еңбегін бағалап, жастар үшін өнегелі тұлғаларды насихаттайтын маңызды шараға айналып келеді.
Ә.ҚАСЫМ