5 ақпан – бүкіл әлемде аталып өтетін Дүниежүзілік сайлау күні. Бұл күн демократиялық қоғамның негізгі тіректерінің бірі – сайлау институтының маңызын арттыруға, азаматтардың сайлау құқығы мен сайлау мәдениетін дамытуға арналған.
Сайлау – халықтың еркін білдіретін, билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтатын маңызды саяси үдеріс. Әрбір азаматтың дауыс беруі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, әділ басқару жүйесінің қалыптасуына тікелей әсер етеді. Сондықтан сайлауға қатысу – тек құқық қана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілік.
Қазақстан Республикасында сайлау жүйесін жетілдіру, оның ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Соңғы жылдары сайлау заңнамасына бірқатар өзгерістер енгізіліп, азаматтардың сайлау процесіне қатысу мүмкіндігі кеңейтілді. Бұл демократиялық құндылықтарды нығайтуға және қоғамның саяси белсенділігін арттыруға ықпал етуде.
Дүниежүзілік сайлау күні аясында түрлі ақпараттық түсіндіру шаралары, кездесулер мен пікір алмасулар өткізу – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, әсіресе жастарды қоғамдық-саяси өмірге тартуға үлкен мүмкіндік береді.
Әрбір дауыс маңызды. Ел болашағы белсенді азаматтардың саналы таңдауына байланысты. Қазіргі таңда Мақат ауданы бойынша 1 аудандық аумақтық сайлау комиссиясы, 10 округтік сайлау комиссиясы және 12 учаскелік сайлау комиссиясы қызмет атқарады. Аталған комиссиялар сайлау науқандары өткізілетін кезеңдерде Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына сәйкес, өздеріне жүктелген міндеттерді орындап, сайлау процесінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізіп келеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Мақат ауданында кент және ауылдық округ әкімдерін сайлау өткізілген жоқ. Сонымен қатар Мақат ауданының №11 және №9 сайлау округтерінен сайланған мәслихат депутаттарының өтініштеріне сәйкес, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сай 2025 жылғы 30 наурызда және 26 қазанда екі мәслихат депутатының сайлауы ұйымдастырылып, өткізілді.
Жастардың сайлауға қатысуы – демократиялық қоғамды нығайтудың және елдің болашағын қалыптастыруға үлес қосудың маңызды тетігі болып табылады. Жас сайлаушылардың сайлау процесіне белсенді қатысуы мемлекеттік саясатты жастардың мүдделеріне бейімдеуге, сондай-ақ шешімдер қабылдау үдерісіне ықпал етуге мүмкіндік береді.
Осы мақсатта Мақат ауданында «Жас сайлаушылар клубы» құрылды, оның негізгі міндеті – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сайлау мәдениетін қалыптастыру және оларды қоғамдық-саяси өмірге белсенді тарту болып табылады.
Қорытындылай келе, 5 ақпан – Дүниежүзілік сайлау күні әрбір азаматтың сайлау процесіне қатысуының маңызын айқындайды. Осы атаулы күн аясында Мақат ауданының тұрғындарын белсенді азаматтық ұстаным танытып, демократиялық құндылықтарды нығайтуға өз үлестерін қосуға шақырамыз. Саналы таңдау мен жауапты көзқарас – ел дамуының берік негізі.
Р.Мақсотов,
аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы



