Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың 14 наурызында Бурабайда өткен ұлттық құрылтайда ел игілігі үшін жасалып жатқан бірқатар жұмыстарға тоқталып, бірнеше салалардың көш ілгері дамыту үшін тыңғылықты істер атқару керектігін тілге тиек еткен болатын. Соның бірі әрі бірегейі – ауылшаруашылық саласы.
«Еліміздің әуелгі мүмкіндіктеріне қарасақ, біз әлдеқашан әлемдегі алпауыт аграрлық мемлекеттің бірі болуға тиіс едік. Бірақ ауыл шаруашылығына жеткілікті қаржы салынған жоқ. Бұл саланы жемқорлар мен алаяқтар иемденіп келді. Олардың ішінде мемлекеттік қызметшілер де болды. Жалған мәліметтердің кесірінен мемлекет қағаз жүзіндегі мал санына жылдар бойы субсидия төледі. Қазір қордаланған мәселенің бәрін шешіп, агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеру үшін көп жұмыс жасалып жатыр» , - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.
Ертеден қазақ халқы мал бағып, егін егіп, күн кешкен. Содан бері сан ғасырлар бойы мал бағу мен егін егуді ата кәсібіне айналдырған. Бүгінде сол шынжырлы текті бауды үзіп алмай, ұрпақтан ұрпаққа жалғап, ата кәсіп күннен күнге дамып келеді.
Ауыл шаруашылығы – мемлекет экономикасының басты күші. Атаулы сала – халықты азық-түлікпен қамтыса, өндірісті шикізатпен қамтамасыз ететін келелі сала. Сондықтан елімізде ауыл шаруашылығын дамыту – басты назарда.
Қойнауы құтқа толы мекеніміз ауылшаруашылық кәсібіне қолайсыз болса да, соңғы жылдары ауыл шаруашылық саласы қарқынды дамып келеді. Оған дәлел ауданымызда жаңадан ашылып жатқан шаруа қожалықтары мен кәсіп иелерінің артуы.
Аудандық ауылшаруашылық бөлімі мамандарының мәлімдеуінше, қазіргі таңда ауданымызда 103 шаруа қожалығы бар. Соңғы жылдары ата кәсіпті дамытушы кәсіпкерлердің көбеюіне мелекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар ұйытқы болғандығы анық. Соның бірі әрі бірегейі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Президенттің тапсырмасы бойынша 2023 жылы іске қосылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы көптеген адамдар үшін өз бизнесін бастауға, оны дамытуға, өз өңірінің дамуына үлес қосуға мүмкіндіктер ашуда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы кәсіпкерлікті дамыту үшін, әсіресе мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы салаларында жеңілдікті кредиттер беру арқылы ауылдық жерлер мен шағын қалалардың тұрғындарын қолдауға бағытталған.
«Мал шаруашылығымен қатар егін шаруашылығы да кенже қалмай, қарқынды даму үстінде. Аудандағы егін шаруашылығын дамыту мақсатында 2023 жылы «Қазақстан Шелл» компаниясының қолдауымен жылыжай салу үшін ауданымыздың 4 тұрғынның жобасы мақұлданып, қайтарымсыз қаражат берілді. Ал 2024 жылы аталған жоба аясында тағы да 3 тұрғынның жобасы қабылданып, қайтарымсыз қаражат алып, өз кәсіптерін ашқан болатын»,- дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Гүлнұр Атабаева.
Бүгінгі таңда кәсіп иелері жылыжай құрылыстарын аяқтап, онда қияр, құлпынай, тәтті бұрыш секілді көкөністерді өсіруде көздеп отыр.
Иә, ауыл шаруашылығын дамыту - қуатты және дамыған ел құру жолындағы маңызды қадам болып табылады. Бұл өз кезегінде ауылдық аумақтарды дамыту, халықтың табысын арттыру және жұмыс орындарын құру, Қазақстан экономикасын нығайтуға ықпал етеді.
Ж.Қамза