Бүгін таңғы сағат жетіден бастап елімізде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлауы өтуде. Мақат ауданында бұл саяси кезеңде сайлаушылар да белсенділігін байқатуда.
Сайлау учаскелерінде мемлекеттік Әнұран орындалған соң сайлаушыларға есігі айқара ашылды. Сағат тілі тура 7:00-ді соққанда, Доссор кентіндегі №212 сайлау учаскесі өз жұмысына кірісті. Дауыс беру орындары сақадай сай. Сайлаушылар бюллетеньдерді алып, дауыс беруге арналған жабық кабиналарда өз таңдауларын жасауда.
Еліміз үшін маңызды шараға алғашқы болып келгендердің бірі – Берікжан Туриев. Елдегі саяси ақпаратқа қанық жан «таңның атысымен таңдауымды жасау -азаматтық парызым» дейді.
-Өзімнің мекен-жайым тіркелген сайлау учаскесіне алғашқы дауыс беруші болып келіппін. Таңдауым ел тізгінін ұстай алады деген партияға түсті. Тыныштық болсын, елімізде. Сайлау өз дәрежесінде өтсін деп тілеймін,- дейді Б.Туриев.
Бұл сайлау учаскесінде 1516 тұрғын дауыс береді деп күтілуде.
М.Ізтұрғанова