Шағын наубайхананың тынымсыз тірлігі

(0 Votes)

Бұл күні аудан тұрғындары пештен шыққан ыстық нанды қаладан күтпейді. Аудан орталығындағы жалғыз ғана шағын наубайхана жергілікті халықты көмеш нанмен толық қамтып отыр. Мұндай оң өзгерістер мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асуда.

«Айбас» наубайханасы 14 сағат жұмыс істейді. Өндіріс үзіліссіз. Өйткені сұраныс жоғары. Наубайхана нан пісіруге қажетті құралдармен толық қамтамасыз етілген. Аядай ғана ғимаратта күніне мыңға жуық бөлке нан пісіріледі. Пештен шыққан нан ыстық күйінде төрт балабақшаға және бірнеше дүкенге жеткізіледі. 

naubaihana-2

Наубайхана жетекшісі Қолаңшаш Тұрсиеваның негізгі мамандығы - мұғалім. Қосымша кәсібіне жұмыссыз, бала күтімінде отырған кезінен кіріскен ол алдымен үйде өзі нан пісіре бастайды. Кейіннен тапсырыс көбейгесін наубайхана ашуды мақсат етеді.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 7 пайызбен 5 миллион теңге қаржы алып, арманын іске асырады. Бүгінгі күні наубайхана жергілікті халықтың игілігі үшін жұмыс жасап жатыр. «Бірлесе отырып, осындай кәсіп аштық. Әуелі ғимаратын салдық, құрал-жабдықтарын және шикізаттарын алдым. Осылай ісіміз оңға басты»,- дейді Қолаңшаш Тұрсиева.                                                                                               

Ашылғанына екі жыл болған шағын наубайханада ауысыммен 5 адам жұмыс жасайды. Бір көлік жүргізуші және төрт наубайханашы. Төрт адам кезектесіп, екі күннен нан пісіреді. Солардың бірі сүйікті ісімен айналысып жүрген  Мейрамгүл Өтешбаева. Ол нан пісіретін жабдықтардың тілін жатқа меңгерген. Температурасын белгілеп, нанның піскен, піспегенін бір көзқараспен-ақ ұғады.

«Жұмысқа таңғы бесте келеміз. Кейін нан пісіруге дайындаламыз. Әр қалыпқа 600 грамнан өлшеп, қамыр саламыз. Одан нанымызды көтертуге қоямыз. Бір пеште 24 нан 37 минуттан піседі. Осылайша күнделікті аудан тұрғындарын ыстық нанмен қамтамасыз етіп отырмыз. Күн сайын пісіреміз. Кешегі нан деген бізде қалмайды. Тасымалданатын жерлерге ыстықтай барады»,- деді наубайханашы.      

naubaihana-3

Наубайханадан бастапқыда нан 60 теңгеден сатылса, бүгінгі күні ұнның қымбаттауына орай 100 теңгеден сатылып жүр. Кәсіпкер алдағы уақытта өндіріс орнын кеңейтіп, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан жастарды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, бірнеше жаңа қондырғылар алып, өнім түрлерін көбейту наубайхананың кезекті жоспарында. Өйткені тапсырыс көбейген сайын  кішкентай пеш пен қамыр араластырғышпен жұмыс жасау ынғайсыздық туғызатынын айтты. Кондитерлік өнімдерді де дайындауға арналған құрылғылар бар болғанымен, ғимараттың тарлығынан қолға алынбай отыр екен.                                          

Қазіргі таңда кішігірім кәсіп ашып, оның жұмысын одан әрі жандандырып, санаулы уақыт ішінде іргелі кәсіпорынға айналдыруға ешқандай кедергі жоқ. Бұл ретте бастысы қаражат емес, білім мен бірлік. Осылайша өңірде кәсіптің көзін таба білгендердің әл-ауқаты жақсарып, ауданымыздың экономикасы арта түспек.

 М.ІЗТҰРҒАНОВА

Суреттер автордікі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521