Білім күні қарсаңында ерекше балаларды қолдау мақсатында облыс әкімінің бастамасымен "Айналайын" қайырымдылық акциясы өтті.
Онлайн режимде өткен жиынға облысымыздың жеті ауданы мен Атырау қаласының атқа мінерлері және ерекше балаларымыздың біразы қатынасты. Шара барысында «Ембімұнайгаз» АҚ-ның демеушілігімен мүмкіндігі шектеулі шәкірттерімізге 15 мыңның сертификатын тарту етті. Аталмыш акция аясында біздің ауданға 441 сертификат табысталды. Енді ерекше балаларымыз "Еркем-ай" және "Балдәурен" сауда нүктелерінен оқуға қажетті құрал жабдықтарын түгендей алады.
"Жалпы облыс әкімшілігі тарапынан ұйымдастырылатын әлеуметтік бастамаларға біз қашан да қолдау көрсетуге дайынбыз. Соның ішінде білім күніне орай ерекше балаларды қолдау - әр қайсысымыздың адами міндетіміз деп айтуға болады. Балаларымыз сабағын жақсы оқысын",-деп тілегін білдірді шара соңында «Ембімұнайгаз» АҚ-ның басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Р.Тасмағамбетова.
А.САДЫКОВ
суреттер автордан