Септикке түскен сәби аман қалды

(3 Votes)

Мақат кентінде 3 жасар сәби шарбағындағы септикке түсіп кетті. Абырой болғанда, дәрігерлер баланы ажалдан арашалап қалды.

Анасының айтуынша, бала кешке балабақшадан оралған соң, есік алдына ойнауға сұранған. Бүлдіршін әдеттегіден ұзағырақ кешіккен соң, үйдегілер іздеуге шығады. Сөйтіп, үйдің лас сулары құйылатын құдықтың ашық жатқан қақпағын байқайды. Қорқынышты күмән расталады. Бала септикке түсіп кетіп, бетінде ес-түссіз қалқып жатады. Әкесі өз қолымен ұлын шығарып алып, қолынан келгенше тыныс алдырмақ болады. Дегенмен, тұншыққан баласының жағдайы нашарлай түскенін байқаған әке дереу дәрігерлерге хабарласады. Оқиға орнына ақ халаттылар уақытында жетіп, сәбиді аудандық ауруханаға жеткізеді. Оқиға орнында әбден мұздап жаураған бала сол жердегі жағымсыз иістен уланып та үлгерген. Ауыр жағдайда түскен бүлдіршін реанимациялық бөлімшеге жатқызылып, алғашқы көмек көрсетіледі. Көрер жарығы таусылмаған кішкентай үш сағат ес-түссіз жатып, жасанды оттегімен тыныстайды.

Ауруханаға  кешкі сағат 19:00 шамасында түскен сәби, білікті дәрігерлердің көмегінің арқасында түнгі сағат  12:00 шамасында есін жияды. Баланы аман алып қалуға реаниматолог дәрігер Жалғас Рүстембеков, хирург-дәрігер Асулан Абдірахманов, бас дәрігердің ана мен бала жөніндегі орынбасары Рысгүл Тайшекенова сынды білікті дәрігерлер бес сағат бойы тырысады. Қазір жеткіншектің жағдайы бірқалыпты. «Кеше аудандық ауруханаға жедел-жәрдем көмегімен кешкі сағат 19:00 шамасында үш жастағы бала асфиксиялық тыныс алу, травматический шок үшінші, төртінші дәрежелі, кеуде және дене қабырғаларының жарақатымен ауыр жағдайда келіп түсті. Бірден реанимациялық шаралар көрсетіліп, дәрігерлердің біліктілігінің арқасында ес-түссіз жатқан сәби оңалды. Қазіргі жағдайы орташа ауырлықта. Қанағаттандырарлық деп айтуға болады. Дәрігерлердің жіті бақылауында»,- деді Асулан Абдірахманов.

М.Ізтұрғанова

Сурет автордікі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT