Өткен жұмада Мақат ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында Семей полигонында Отан алдындағы борышын өтегендермен кездесу өтті.
Қауіпті аймақта әскери қызметте болғандарды қабылдаған аудан әкімінің орынбасары Оксана Айқашева: «Сіздердің ерліктеріңіз тарихқа айналып ел есінде қалады. Ғазиз Жолдасұлының ұсынысымен аудан әкімі Шәкір Кейкінұлымен ақылдаса келе сіздермен осындай еркін форматта сұхбат жүргізіп марапат беруді жөн көрдік. Бар болыңыздар, аман болыңыздар, -деп ардагерлерге аудан әкімінің алғыс хаттарын табыстады. Сөзін жалғаған Оксана Жаңбырбайқызы: «Мен өзім ақын әрі журналистің келіні ретінде баршаңызға «Бата дарып, бақ қонсын» кітабын тарту етемін. Жүрген жерлеріңізде баталарыңыз қабыл болсын», - деді. Келесі болып жиналғандарға жылы лебізін білдірген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов: «Семей полигонының 30 жылдығы біз үшін үлкен мереке. Еліміз атом бомбасының қоры бойынша әлемде 3 орында тұрғанда ядролық қарудан түбегейлі бас тарту батыл қадам еді. Полигонда әскерде болу екінің бірінің қолынан келмейді. Бұл зор абырой. Біздің ұйымда ауған соғысының ардагерлері енді сіздерді де араласып тұруға шақырамын», - деді.
Семей-Невада ядролық апатқа қарсы халықаралық ұйымының батыс аймағы бойынша экология бағытындағы эксперттік комиссия мүшесі Ғазиз Ғабдуллинның полигон ардагерлерін мерейтой қарсаңында ұлықтау шаралары болып тұратынын және ауданымызда да атаулы күн қарсаңында осындай үрдіс қалыптасуын қалайтындықтарын айтты. Ол: «Мақтан тұтуға лайық батырларымызды бейбіт күнде де ұмытпайық. Ұсынысымызды қабыл алып ардагерлерді қабылдап жаытырған аудан әкіміне алғысымыз шексіз», - дей келе Семей-Невада қозғалысының Атырау облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Білім Қаршегеновтің атынан Ізімғали Махметов, Марат Абдиров, Талғат Серғалиев, Серік Тұрланов, Амангелді Рақымғалиев, Халидолла Дюсенов, Жайық Тәжіғалиев, Теңелсін Құбай, Әнуарбек Утегенов, Рақымжан Ғабдуллин сынды ардагерлерімізге «Семей полигоны жабылуының 30 жылдығы» мерекелік медальдерін, аудан әкімінің орынбасары Оксана Айқашеваға медаль мен полигон тарихы туралы кітапты тапсырды.
Сонымен қатар қонақтардың атынан Ізімғали Махметов, Теңелсін Құбай, Жайық Тәжіғалиевтер аталған шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірсе, аудандық мәслихат хатшысы Қуаныш Исмагулов пен аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары жүрекжарды құттықтауларын білдірді.
Ардагерлерді мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек мәселелері мазалайды. Атап айтсақ, автобуста тегін жүрудің жолын бірі білсе, бірі білмейді. Емдеу-сауықтыру орталықтарына да бәрі бірдей бара алмай жүр. Мәскеу маңында орналасқан Подольск қаласындағы Ресей қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатына арнайы барып полигонда қызмет еткен деген куәліктерін алса да, жәрдемақыны аз уақыт қана беріп құжаттарың жалған деп тоқтатып тастаған көрінеді. Ал олар қауіпті аймақтың зардабын әлі тартып, 1 не 2 топ мүгедегі деген атты алу мұң боп тұр. Дейтұрғанмен, Семей полигонында болғандарға көңіл аударыла бастағаны қуантады.
Жиналғандар ардагерлерді мазалайтын барлық күрмеуі қиын мәселелердің шешімін тауып, өз мәртебелерін көтеруге бірлесе күш салатын боп тарқасты.
А.Есжан