Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған айшықты шаралар тәуелсіздік құрдастары арасындағы "Толағай" отбасылық сайысымен жалғасын тапты.
Аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға Абуевтер мен Садықовтар және Қайровтар отбасы қатысты.
"Тәлімді тәрбие отбасынан бастау алса, дені сау ұрпақ - ұлт болашағы болмақ" деген ұстанымды ұрандатқан жарыс ұйымдастырушылары сайысты төрт кезеңге бөлген екен. "Кім жылдам?", "Сафари", "Кедергілерден өту", "Кім көп секіреді?" сынды қызыққа толы кезеңдер жарыстың шырайын кіргізді.
Жылдамдық танытуда алдына жан салмаған Абуевтер отбасы екі кезең бойынша озып келсе, шарды ыдысқа дәл көздеу мен сұрақтарға жауап беру кезеңінде Садықовтар белсенділік танытты. Қайровтар отбасы да жеңісті қолдан бермеуге тырысып мәреге қатарласа келді.
Қазылар алқасы жарыс жеңімпазын анықтау оңайға түспегенін айтып, ойын ережелерін мұқият сақтаған командаға да мән бергендерін айтты.
Тартысқа толы төрт кезеңнің қортындысы бойынша Қайровтар отбасы жүлделі үшінші орынға ие болса, Абуевтер екінші орынды қанағат тұтты. Ал, санаулы ғана ұпай айырмашылығымен суырылып алға шыққан Садықовтар биылғы "Толағай" ойындарының жеңімпазы атанды. Сайысқа қатысушы барлық жанұяларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
А.НУРИАХМЕТ