Жаз келісімен жайылымды жерлерге төнетін негізгі қауіптің бірі - дала өрті. Бұл ретте, басты себептің адами ахуалдан екені бесенеден белгілі.
"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтарындағы Заңның 37-бабына, "Дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өртті сөндіру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 11 ақпандағы №107 бұйрығына сәйкес аудан бойынша дала өрттерінің алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін мобильді топ құрылып, кент төңірегіндегі шаруа қожалықтарын аралады.
"Аспаны жерге түсіп тұратын" ауданымыздың шіліңгір ыстығында төрт түліктің соңынан ілесу де оңай емес. Ал, тұтқиылдан тап беретін тілсіз жау онсыз да күн ұзағына тыным таппайтын шаруалар үшін әбігерінен бөлек артық шығын. Қайткенде қауіптің алдын аламыз? Әр нысанның арақашықтығы қанша болуы керек секілді сауалдардың жауабынан бөлек сақтықтың нендей тәртіпке негізделгенін мамандарымыз тәптіштеп тұрып түсіндіріп, құрал-саймандарды қалай қолдану керектігін көрсетті.
Айталық, жиналған шөп арасындағы қашықтық 20 метрден кем болмай, негізгі ауданы 150 шаршы метрден аспауы тиіс екен. Тіпті, көлігіңізге жанармай құйсаңыз да, құрғақ шөп пен жанғыш қоқыстан тазартылған және ені кемінде 4 метр жолақпен жыртылған арнайы алаңдарда немесе шөп пен сабаннан 100 метр және құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта жыртылған жерлерде жүзеге асырылуы тиіс. Жиналған шөптің электр желілерінің астында емес екеніне көз жеткізу де маңызды.
А.САДЫКОВ
Cуреттер автордікі