Қазақта «Қыз - өрісің» деген аталы сөз бар. Қыз бала бойжеткен соң ақ босаға аттап, бір үйдің түтінін түзу түтететін келінге айналады. Кешегі Домалақ аналардың көзіндей, Зере мен Ұлжанның өзіндей қазақ әйелдерінің асыл бейнесі әлі де жойылған жоқ. Олардың бойындағы асыл қасиетті кейінгі буынға ұлағат ету парыз.
Осындай мақсатпен Халықаралық әйелдер күніне орай аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Ақбосаға» аудандық келіндер байқауы өтті. Байқауға ауданымыздан үй мен жұмыстың тізгінін қатар ұстап, халықтың батасы мен ыстық ықыласына бөленіп жүрген 8 үміткер қатысты.
«Өз жұртым қадірім» атты алғашқы бөлімде олар қайынжұртын бейнероликпен таныстырса, «Өнерлі - өрге жүзер» кезеңінде байқауға қатысушылардың шығармашылық қабілеті, ән салып, би билеу, суырып салу тапқырлығы, көркемсөз оқу шеберлігімен сыналды.
«Қолы шебер, ісі бекем» аталған үшінді бөлімде қатысушылар қолөнерін көрсетсе, «Бармағынан бал тамған...» атты кезеңде олар әкелген ұлттық тағамдарының жасалу жолдарын айтып берді.
Байқаудың соңғы бөлімінде сайыскерлер талайды тамсантуға тырысып бақты. Айтқандай, «Талайды тамсантқан» аталған соңғы кезеңде келінде ерекше ұлттық киім үлгісін көрсету арқылы сайысқа түскен болатын.
Олар осылайша кәсіпте де, ошақ басында да нағыз қазақ әйелдерінің қолынан келмейтін дүниенің жоқ екендігін көрсетті.
Нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен Доссор мәдениет үйінен қатысқан Әселхан Сүндетова «Ісмер келін» номинациясын, №2 бастауьш мектебінен қатысқан Арайлым Сазмағамбетова «Бармағынан бал тамған» номинациясын, С.Шарипов мектебінен қатысқан Жанат Айтқалиева «Көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алды. Ал, «Ботақан» балабақшасынан қатысқан Ләззат Арыстанова мен аудандық мәдениет үйінің намысын қорғаған Ақниет Маратова III орынды, О.Сарғұнанов орта мектебінен келген Толқынай Хайырмеденова II орынды, Мақат балалар өнер мектебінен келген Әлия Нұралы І орынды жеңіп алды.
Байқаудың бас жүлдесін Х.Санбаев орта мектебінің үмітін арқалаған Зергүл Сафи қанжығалады.
Ж.ҚАСЫМ