Қорғаныс саласының құрметтісі

Қорғаныс саласының құрметтісі
(0 Votes)

 Қазіргі таңда қос иығына погон тағып, ерлермен бірдей ел тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген нәзікжандылар баршылық. Тіпті таңқалмайтын да болдық. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз погон тағынбаса да осы сала қызметіне өмірін арнағандардың қатарында болуымен құрметті. 

Темірдей тәртіп пен жауапкершілікті талап ететін әскери салада жүрген Қожантаева Гүлжан Ермекқалиқызын мақаттықтар жақсы таниды. Мақат ауданының қорғаныс істер жөніндегі бөлімде қызмет атқаратын ол 1965 жылы 5 наурызда Мақат кентінде дүниеге келген. 1970 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1980 жылы аяқтады. Кейін теміржол саласына Ақтөбе өңірлік техникумына оқуға түскен. Аталған оқу орнын 1985 жылы аяқтап, жаңа өмірге қанат қаққан.

Осы саладағы қызметте әртүрлі міндеттерді атқарған. Әскерге шақыру, техникалық құралдарды тіркеу бөлімдерінде де еңбек етті. Ал 2008 жылдан бері кадр бөлімінің жүгін арқалап келеді.

Әскери саладағы қатал тәртіп пен аса жауапкершілікті талап ететін бұл сала нәзік жандар үшін оңай емес. Десе де Гүлжан Ермекқалиқызы жүрек қалауымен келген бұл саланы жан-тәнімен сүйіп, өз ісінің майталманына айналды.

Әскери сала – қиын сала. Әсіресе әйел адам үшін. Дабыл соғылған оқу-жаттығу кездерінде үй бетін көрмейтін кездеріміз де болады. Бұл біздің жұмыстың ерекшелігі деп білемін. Біз әрқашан кез келген жағдайға сақадай сай болуымыз керек. Әскери саланы таңдағысы келетін аруларға керегі – тәртіп. Сол тәртіпті сақтап, жұмысқа тиянақты әрі жауапты болу керек, – дейді Отан алдындағы борышын өтейтін азаматтарды әскерге аттандыратын бөлімнің қадірлі қызметкері.

Оның еңбектері елеусіз қалмаған. Бірнеше рет аудан, облыс көлемінде өз саласының үздігі болып, марапаттар иеленген.

Бүгінде ардақты анамыз отбасы мен жұмысының тізгінін тең ұстап, зейнеткерлік жасқа жетті. Ұрпақтарының қызығын көріп отыр.

Ж.ҚАМЗА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT