Алдыңғы қатарлы елдермен бірдей біздің Қазақстанда өз вакцинасын шығаруы мені қуантады. Өзім 82 жасқа толып, 83-ті алқымдап отырмын. Әуелгі кезде бұқаралық ақпарат құралдарынан қан қысымы көтеріңкі болған жағдайда вакцина алуға болмайтынын естігенмін. Дегенмен, балаларым, немерелерім бірі Атырауда, бірі басқа облыстарда тұрады. Оларға барайын десең, «вакцина алдыңыз ба?» деп сұрақ қояды. Туған-туыстардың арасында осы сұрақ туындаған болатын. Кейін осы үш апта бұрын ауруханаға вакцина алуға ниеттеніп бардым. Ол кезде дәрігерлердің тексерісінен өткен кезде қан қысымым 160-ты көрсетіп, вакцинаны қабылдауға мүмкіндік болмады. Сосын ойланып, «осы мен неге қорқамын, үкіметтің шығарып жатырған вакцинасы» деп қайта екпе салуға шешім қабылдадым.
Бала кезімізде түрлі аурулардың осы вакцина арқылы беті қайтқанын көрдік. Сондықтан отбасыма айтып, «не болса да, вакцина аламын» деп екі-үш күннен кейін ауруханаға қайта бардым. Ол кезде қан қысымым 130 болды. Вакцина алуға ешқандай кедергі болмады. Оны қабылдағаннан кейін жанама әсері болмады, температурам да, қан қысымым да көтерілмеді. Екпе алдырып келгеннен кейін, үйдегі отанасы да вакцина қабылдауға ниеті ашылып, екінші күні ол да вакцина алған болатын. Кейін балаларым да, немерелерім де вакцина алды. Бір айтатыным, қазір тегін кезінде, жағдай жасалып тұрған уақытта вакцина салдырту керек. Ертең не боларын кім білсін, мүмкін жетпей қалар. Сондықтан да өзімізді, тума-туыстарымызды қорғау үшін абзалы вакцина алғанымыз дұрыс болады. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеудің әлдеқайда тиімді екені сөзсіз.
Сафи САРШАЕВ,
Мақат кентінің тұрғыны