Қоқысты жәшікке жетпей лақтырамыз

(0 Votes)

Адамзаттың мәдени өресі ең алдымен айналасына жанашырлығы, қоршаған ортаны таза ұстауға деген ниетінен сабақталады.Әрине, бұл – дағды.

Адам баласы бойын таза ұстауға, айналасының жинақылығына мән беріп, қала берді табиғи ортаның ластануына жол бермеуге дағдыланады. Алайда, бүгінгі өркениетті елімізде тазалықты мәселеге айналдырып, ауыл ішінен шыққан қоқыс-қалдықты әңгімелеп отыруға әбден үйреніп алдық. Әйтпесе, көшеміз қоқып, қоршаған ортаның ластануына жол беріп жүретін жайға жеткендейміз. Бұған тұрғындардың санасын бағындыра алмауы мен немқұрайлылығы себеп болуда. Салғырттық салдарынан үйден шыққан қоқыс-қалдықтарды арнайы жәшіктеріне жеткізбей төге салу, бос құтыларды арнайы полиетилен қаптарға салмай, шашыратып тастай салу сынды әрекеттері осыған алып келеді. Десек те, жауыр болған мәселені жергілікті атқарушы билік жаба салмай, әр күн сайын жауапты мекемелердің бақылауына беріп, қадағалап отыр. Әсіресе, көктемгі және күзгі маусымда жоспарланатын санитарлық-тазалықтың екі айлық науқанында мәселенің мән-жайы жіті бақылауға алынады. Аудандағы тазалыққа жауапты мекеме «Тазалық Көгал» ЖШС Мақат кенті бойынша 3 арнаулы техника мен 12 жұмысшының жұмыс күшіне жүгінеді.

Сонымен қатар, кенттегі 63 мекеме мен кәсіпорындарын, 13 сектордан тұратын шағын аймақтың жауапкершілігін күшейткен. Айлық басталғалы кентте 9 сенбілік ұйымдастырылып, оған 2473 адам жұмылдырылған. Олар көше жарықтарының бағандарын, аялдамаларды, мекеме ғимараттарының сырттарын әктеу-сырлау жұмыстарын қолға алды. Мамандар көпқабатты үйлер мен жеке жайлардың қоқыс төгуіне ыңғайлы етіп, контейнерлерді орналастыруды да ұмыт қалдырмады. Қазіргі таңда кент ішінде 97 урна, 34 контейнер алаңшасы, 365 қоқыс қалдықтарына арналған контейнерлердің орналау тәртібіне де санитарлық тұрғыда жіті мән беруде. Қазіргі таңда Мақат кенті бойынша 1782 куб қоқыс шығарылып отыр. Ал Доссор кенті бойынша өткен екі аптадағы тазалақ жұмыстарын сараптап көрсек, сенбілікке кенттегі 20 мекеменің белсенділік танытқанын алға атартады. Атап айтсақ, кент әкімдігі ұйымдастыруымен «Тазалық Көгал» ЖШС, «Доссормұнайгаз» ӨБ, «Ант Иншаат Маден Санаий Ананим Ширкети» ЖШС, «АТБ Инвест» ЖШС еңбек ұжымдарының техникамен қолдауы нәтижесінде 3385 куб қатты тұрмыстық қалдық, 30 тонна қураған ағаштарды кент ішінен шығару жұмыстары атқарылған. Осылайша қордаланған қоқыс шығарған кент ішінің тазалығы ауыл тұрғындарының тыныс-тірлігінің жалғасуына қолайлы жағдай туғызып отыр. Ал еңбекті бағалап, мұнан кейін тазалықты сақтау әрине, тұрғындар еншісінде. Әрине, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» болмақ. Сондықтан, күн тәртібінен түсіп көрмеген мәселені шешу үшін ұйымшылдық танытып, тазалық пен жинақылықты орнату - өз қолымызда.

Л.НҰРБАЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521