«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңі қорытындыланды. Байқауға әр салада абыройлы қызмет етіп, саналы ұрпақ тәрбиелеп өсірген 8 отбасы қатысты.
Қатысушы әрбір отбасының өзіндік құндылықтары бар. Нақтырақ айтсақ, бір жанұя спортқа жақын болса, енді бірі білім мен мәдениетте ерекше көзге түскендер. Сондай-ақ, олардың қатарында мұнайшы, теміржолшы, кәсіпкерлер де табылды.
Мерейлі шара барысында аудан әкімі Шәкір Кейкин барлық отбасыға айтулы байқауға белсене атсалысқандары үшін алғыс білдіріп, құттықтау тілегін жеткізді.
«Халқымызда «Өнегелі отбасы — елдің тұтқасы» деген дана сөз бар. Ізгілікті, өнегелі, мерейлі отбасылар қашан да көпке үлгі болуы тиіс. Осы мақсатпен өткізілген «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңін қорытындылау кезегі бүгінге келіп отыр. Елбасы бастамасымен қолға алынған бұл байқаудың жарасымды жұптар мен береке-бірлік қонған әулеттерді насихаттауда маңызы зор. Туған шаңырақтан алған оң тәрбие – халқымыздың жарқын болашағының кепілі. Ауданымызда отбасы құндылықтары мен дәстүрін сақтап жүрген үлгілі отбасылар көп. Бұл бізді қуантады, — деп ізгі тілегін жеткізген аудан басшысы сондай-ақ келесі кезеңге жолдама алған отбасыларға сәттілік тіледі.
Шара барысында әсем әннен шашу шашылып, барлық қатысушы Саликовтар, Қаржауовтар, Алишевтар, Галиевтер, Мусиндер, Қалкендер, Құрмашевтар, Қартжановтар отбасына алғыс хат және бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Жиында байқауға қатысушылар арасынан Дәржан Сәтмағанбетова, Руслан Қалкен сөз сөйлеп, отбасын сақтау, балаларға оң тәрбие беру жолында ұлттық дәстүрлерді насихаттау төңірегінде ой-пікірлерін жеткізді. Тәлім мен тәрбиенің, өмір мен өнегенің бастауы бола білген үлгілі отбасы бейнесінің бүгінгі қоғамда алар орны орасан екенін жеткізді қатысушылар.
Байқау қорытындысы бойынша өзгелерден оза шауып, өздерінің ұстанымдарымен көзге түскен Галиевтер және Мусиндер отбасы облыстық кезеңге жолдама алды.
М.Ізтұрғанова
Суреттер автордікі