"Birgemiz" жалпыұлттық жобасының "Saulyq" бағыты аясында Атырау облысы Жастар саясаты мəселесі басқармасының қолдауымен Мақат аудандық жастар ресурстық орталығында Атырау облыстық 103 жедел медициналық жәрдем станциясының волонтёрлары мен Мақат ауданының жедел жəрдем қызметкерлері аудан жастары мен тұрғындарына алғашқы көмек пен базалық реанимацияны қалай жасау керектігін үйретті.
«Біздер жол көлігі апаты немесе басқа да қиын жағдайларда медицина қызметкерлері келгенге дейін науқастың өмірін аман алып қалу үшін алғашқы көмек көрсетеміз. Бұл шарамыз Мақат кентінен бастау алып тұр. Мақсатымыз аудандарда облыс орталығындағыдай тұрақты медициналық волонтёрлар тобын қалыптастыру», - дейді 2019 жылдан бері жедел жәрдемде ерікті түрде қызмет атқарып жүрген Ақбөбек Тәттібекқызы.
Өз кезегінде волонтёрлармен кездесуде белсенділік танытқандардың қатарында Латип Шахатов атындағы орта мектебінің 10 "А" сынып оқушылары Мөлдір Ақмурзина мен Әсемгүл Қайратова бар.
«Адам денсаулығы - бірінші орындағы мәселе. Осындай шаралардың арқасында бүтіндей бір адамның өмірін сақтап қалу үшін не істеу керектігін бұдан былай ескеріп жүретін болдық. Жедел жәрдем кей жағдайда кешігіп жатады. Сол уақытта айналадан табылған адамдардың көмегі аса маңызды», - дейді сыныптас қыздар.
А.ЕСЖАН