Жайқалған жасыл желегіміз болмаса да орманшылар күні ормансыз өлкеде ескерусіз қалмады.
Ел Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген орманшылардың кәсіби мерекесіне арналған ағаш отырғызу акциясы бойынша Мақат кент аумағындағы мекемелер мен кәсіпорын ғимараттарында ағаш отырғызу акциясы өтті.
Акцияға 193 адам қатынасып кент аумағындағы мекемелер мен кәсіпорын ғимараттарында және "Жеңіс" саябағында барлығы 107 ағаш отырғызылды.
Шарадан кент ақсақалдары да қалыс қалмады. "Атадан мал қалғанша, тал қалсын" деген ілгерідегілердің өсиетін ісімен дәлелдеген бүгінгі аға буын өкілдері жас ұрпаққа үлгі бола білді.
Осылайша қазыналы қарияларымызбен кент әкімі Е.Ермагамбетов өз қолтаңбаларын М.Баймұханов атындағы орта мектептің ауласына қалдырды. Жеріміз сортаң болғанымен жасыл желекке тым жұтаң емеспіз.
Егілген ағаштардан еңсесін тіктеп тұрғандары аз емес. Күтімі келісіп, бабы жақсы болса бүгінгі шыбықтар да ертең-ақ жайқалып шыға келер.
А.Садыков
Суреттер автордан