Карантин кезінде уақытты кітап оқуға арнап, бір-біріне челендж жолдаған қазақстандықтардың игі бастамасын ел Президенті жоғары бағалап, өзі де бірнеше кітапты ақтарып шығуға бас қойғанын жазған болатын.
Көзі қарақты қауымның осындай кезеңде әрненің басын шалмай, кітапты насихаттауын өте орынды бастама деп бағалаған Қасым-Жомарт Тоқаев кітапқұмар белсенділерге алғысын да білдірді.
«Сондықтан, осы карантин күндері ақын-жазушылар, журналистер, мәдениет қайраткерлері және қатардағы азаматтарымыз әлеуметтік желіде «Қандай кітап оқып жатырсыз?» челлендж-эстафетасын ұйымдастырған екен. Бұл бастаманы толық қолдаймын және осындай игі істі қолға алған отандастарыма шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді ол.
Президентке «Қандай кітап оқып жатырсыз?» деген сауалды Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет жолдаған екен. Ақынның орынды ұсынысын мемлекет басшысы іліп әкеткен. «Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің менің атыма жолдаған эстафетасын қабылдаймын және осы күндері оқып жатқан кітаптар мен газет-журналдардың тізімін ұсынамын», – деген Президент кейінгі кезде қолынан түспей жүрген бірнеше кітаптың тізімін ұсынып, бұл эстафетаны барша қазақстандықтарға қолдау танытуға шақырды.
Президентіміздің эстафетасын қолдаған аудандық Жастар ресурстық орталығы бірден «Үйден бірге оқимыз!» челленджін ұйымдастырды. Аудан тұрғындары да бастау алған челленджге үн қосуды кідіртпеді. Кітапсүйер оқырмандардың басым бөлігінің тандауы әдеби шығармаларға түскен. Сондай-ақ, арасында шетелдік және ағылшын, орыс тіліндегі кітаптарды оқып жатқандар да бар.
Айзада ХАБИБУЛЛАЕВА,
«Мисс Астана-2019», Л.Шахатов атындағы орта мектебінің түлегі, Қазақ ұлттық өнер университетінің 1 курс студенті:
МОТИВАЦИЯЛЫҚ КІТАПТАР ҰНАЙДЫ
Бала кезімнен кітапқа жақынмын. Карантин кезінде де олармен дос болып алдым. Негізі көркем шығармалардан гөрі, өлең жолдарын оқуға жақын болып өстім. Соның ішінде халқымыздың ұлы ақындары Абай Құнанбаев және Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын оқығанды ұнатамын. Сондай-ақ, мотивациялық кітаптарды оқып, өз-өзімді жігерлендіріп отырамын. Ойы үздік Қуаныш Шоңбайдың «Екінші болма» атты заманауи бағдаршамын байыптап оқып шықтым. Өте жақсы кітап, әсерінен әлі шыға алмай жүрмін. Біздің қазақ халқына міндетті түрде оқу керек кітап. Өйткені табысқа жету мен жеңіске жету әрбір саналы адамның мақсаты. Сондықтан, оқырмандарға осы кітапты оқуға кеңес беремін. Келесі қолыма алғаным Дейл Карнегидің «Как завоевать друзей и оказывать влияние на людей» атты кітабы. Бұны досымның кеңесімен оқып бастамақшымын.
Орақ ДЕҢГЕЛБАЕВ,
ауданның құрметті азаматы, өлкетанушы:
ТАРИХТЫ ОҚУҒА КЕҢЕС БЕРЕМІН
Мен Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын оқып жатырмын. Қазір Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітабын аяқтап қалдым. Бұл кітап - қазақтың жоңғар шапқыншылығынан өз жерін қалай азат еткенін баяндау жөнінен әзірге еш теңдесі жоқ, бірден-бір сол заманның сырын ашатын дара туынды деп айтар едім. Қазiр карантинде уақыт молдау ғой, сондықтан тарихи кітаптарды саралап, талдап, таразылап оқып жатқан жайым бар. Мені ұлттық құндылықтарымыздың тасада қалып бара жатқаны алаңдатады. Біздің бойымыздағы осындай келеңсіздіктерді жеңуге, рухани иммунитетімізді көтеруге тек кітап көмектесе алады. Кітапты жастарға көбірек оқытуымыз керек. Оның ішінде қазақ жерінің тарихынан оқып бастау керек. Ең жеңілі өзіміздің мұнайлы өлкеміздің тарихы және туған жердің тарихи тұлғаларына байланысты кітаптарды оқуға кеңес беремін. Өйткені өлкенің тарихын әрбір адам білу қажет. Мысалы мен жастарға төл тарихымыздың, мәдени дамуымыздың көшін жалғастырған тарихи туынды Мұқтар Мағауиннің «Аласапыранын», жерлесіміз Сәтімжан Санбаевтың мұнайшылар өмірі туралы жазған шығармаларын, Айбосын Елеусіновтың батыр М.Баймұханов туралы жазған «Намыс оты» туындыларын оқуға шақырамын. Сондай-ақ, Мақат пен Доссорымыздың тарихын толғайтын «Қарашаңырақ» және «Майлы қиян Мақат» кітаптарын және атақты мұнайшылар туралы жазылған «Доссор мұнайының дарабоздары» атты кітабын да әрбір осы өлкенің тұрғыны оқуы тиіс. Туған жерден түлеп ұшқан жерлестеріміз Саламат Мұқашев, Бердіғожин Лесқали, Мәншүк Мұқашева, Мақсат Тәжімұратов сынды тұлғалардың да еңбектерін, тарихи жұмыстарын оқып, танысу қажет. Доссор өлкесінің тумасы Зейнолла Қабловтың қаламынан бірнеше құнды туындылар дүниеге келді. Әдебиеттану саланың ерен жүйрігі, сырлы сөз зергері, халқымыздың мақтанышына айналған Зейнолланың да шығармашылғын жастар оқып, керегін алса деймін. Жалпы өзім тарихты жақсы көргендіктен, кітап оқуға кеңес сұрағандарға көркем шығармадан гөрі тарихи туындыларды оқуға ұсынамын. Өйткені тарихын білмеген елдің болашағы бұлыңғыр болады деген сөз бар, сондықтан өзің ілгері басуың үшін, тарихыңды білуің қажет.
Барша-Мұрат АМАНТАЕВ,
“Úmіt-ART” волонтер тобының жетекшісі:
«КІТАП БЕТІН АШПАЙТЫН ХАЛЫҚҚА, БОЛАШАҚ ҚАҚПАСЫН АШПАЙДЫ»
Әр нәрсенің бір қайыры болады деп, карантин кезі ойлануға, мінәжат етуге, кітап оқуға орай болды. Бұрын шетел авторларын оқығанды ұнатушы едім. Соның ішінде Ричард Бахтың «Чайка по имени Джонатан Ливингстон» атты мотивациялық кітабы және түпсананы өзгертетін Джон Кехоның «Подсознание может всё» кітабы өзіме жақсы әсер етті. Сондай-ақ, қазақ авторларының ішінде адам болып жасау үшін жол көрсететін Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние», сыршыл сезімге толы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», кеңесі келелі Қуаныш Шонбайдың «Екінші болма» кітаптарын оқып шықтым. «Кiтап бетiн ашпайтын халыққа, болашақ қақпасын ашпайды» демекші карантиндегі бос уақытымда жерлесіміз Дәмен Алтаеваның «Ата-ана қадірі» атты кітабын оқып жатырмын.
Толығырақ газетімізден оқи аласыз!
онлайн сұхбаттасқан:
М.ІЗТҰРҒАНОВА