Мақатта бірлік мерекесі аталып өтті

(0 Votes)

 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай орталық алаңда “Достық біздің тірегіміз” атты мерекелік іс-шара өтті.

Салтанатты шара аудандық мәдениет үйі жанындағы “Шаттық” үлгілі би тобының “Ассамблея” хореграфиялық композициясымен ашылды.

Мерекелік шарада аудан әкімі Ринат Ибрагимов құттықтау сөз сөйлеп, жұртшылыққа ізгі тілегін білдірді.

“Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын! 130-дан астам түрлі ұлт өкілдері мен ұлыстары тату-тәтті тұратын еліміз үшін бірлік күнінің маңызы зор. Сондықтан да ынтымағы мен бірлігі жарасқан, татулықтың тірегі болған Қазақстанда барлық ұлт өкілдері бұл күнді ерекше атап өтеді. Біздің еліміз – көптеген мемлекеттер үшін бейбітшілік пен тұрақтылықтың үлгісі. Бейбіт өмірдің берекесі, халқымыздың ынтымақ, бірлігі арта берсін!», - деді аудан әкімі.

Мерекелік құттықтаудан соң, жиналған жұртшылыққа аудандық мәдениет үйінің әншілері А.Аманғалиқызы мен Г.Ишанғалиеваның орындауындағы “Қазақ елі” әні ұсынылды. Әрі қарай Мақат балалар өнер мектебінің бишілері қазақ биін билеп, қобызшы А.Хабиболлаева Дәулеткерейдің “Көроғлысын” көпшілікке тарту етті. Одан әрі, ән үйірмесінің оқушысы А.Нұртас «Тәуелсіз Қазақстан» әнін шырқаса, Мақат балалар өнер мектебінің ұстаздары Е.Бекболат пен Е.Мусаев күй тартысты.

Сондай-ақ, аудандық білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен оқушылары әр ұлт өкілдерінің билерін орындап, көпшілікке тарту етті.Атап айтқанда, Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай кешенінің бишілері “Татар”, №54 және “Шапағат” балабақшасының бишілер тобы “Түркімен”, “Балбөбек” балабақшасының бишілері “Өзбек” биін нақышына келтіріп орындады. Сонымен қатар, Х.Санбаев атындағы орта мектептің бишілер тобы “Корей”, №2 Бастауыш мектептің бишілері “Тәжік”, “Болашақ” және “Әсел” балабақшасының бишілер тобы “Қырғыз” биін билесе, “Нұрбөбек” балабақшасының бишілері “Грузин”, М.Баймұханов орта мектебінің бишілері “Үнді” , Л.Шахатов орта мектебінің бишілері “Орыс” биін көпшілік назарына ұсынды.

Одан бөлек, ауданның жезтаңдай әншілері “Туған жер”, “Алғыс”, “Ризамын, елім саған”, “Қазақтай ел қайда?”, “Қазағым” атты патриоттық әндер шырқап, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.

Ал Мақат балалар спорт мектебінің спортшылары өз жаттығуларынан үзінді көрсетіп, мерекені қыздыра түсті.

Ә.ҚАСЫМ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521