Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін доссорлықтар да жоғары деңгейде атап өтті. Доссор мәдениет үйі орталық сахнасына жиылған жұртшылықты аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов шуақты мерекемен құттықтады.
«Бұл мейрам – сан ғасырлар бойы қазақтың кең байтақ даласын мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағын нығайтып, арман-тілегін бір арнаға тоғыстырған мереке. Қиын кезеңдерде ата-бабаларымыз елімізден пана іздеп келгендердің бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, бір үзім нанды бөліп жеді. Ел басына күн туған қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі. Берекесі мен қазанын ортайтпаған, қанағатшыл болып, өзгені өзекке теппеген халқымыз ұтымды іспен, орамды оймен құшағын кеңейтіп келеді,- деді Е.Қонысбайұлы.
Кейін кент көркемөнерпаздары Д.Құрмаш, Д.Еримов, Г.Мұрабек А.Отаубай, Г.Бисаханова, М.Маңғыстау, Қ.Бағытов патриоттық тақырыпта әннен шашу шашып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының ұжымдары да мерейлі мерекенің мәнін арттырып, мазмұнын байытуға үлестерін қосты. Атап айтсақ, С.Шарипов атындағы мектеп интернаты «Қазақ» биі, О.Сарғұнанов атындағы орта мектебі «Орыс» биі, Б.Қанатбаев атындағы орта мектебі «Өзбек» биі, Мақат мұнай және газ технологиялық колледжі «Тәжік» биі, А.Құнанбаев атындағы орта мектебі «Украин» биі, Қарлығаш балабақша ұжымы «Грузия» биі, Ботақан балабақшасы «Кәріс» биі, Сандуғаш балабақшасы «Үнді» халықтарының биін билеп, өзіндік өрнегімен мерекеге ерекше рең берді.
М.ІЗТҰРҒАНОВА