Мақатта амал мейрамы тойланды

Мақатта амал мейрамы тойланды
фото: автордікі
(0 Votes)

 Осындай атаумен Көрісу күніне орай аудандық мәдениет үйінде мерекелік шара өтті. Мерекелік шара «Мөлдір-мұнай» этно-фольклорлық ансамблінің орындауындағы «Арнау» және «Ақжелең» күйлерімен салтанатты түрде ашылды. 

Аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов амал мерекесімен аудан тұрғындарын құттықтады. Өз сөзінде көрісу мерекесінің батыс өңірінде сақталған ерекше мереке екендігін атап өтіп, осы дәстүрді насихаттап жүрген қазыналы қарияларымызға денсаулық тілеп, жылдан-жылға аман есен жете берейік деген ізгі тілегін білдірді.

Мерекелік шара аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Жасұлан Сисембаев пен «Әжелер» ансамблінің орындауында халық әні «Тойбазар» жиналған жұртшылыққа керемет көңіл-күй сыйлады. Көрісу күніне орай арнайы қойылған сахналық қойылым да ұмытылып бара жатқан ұлттық салт-дәстүріміз бен ырым-тыйымдарымызды насихаттап, көрерменге ой салды. «Бала сатып алу» ырымы сахна төрінде қойылып, мұның астарында үлкен мағына жатқандығын аңғартты.

Раушан Әлиеваның орындауындағы «Наурыз-көктем», Қайрат Жанбосынов пен Алдияр Шонайовтың орындауындағы «Дүние-ай» әндері құлақ құрышын қандырды. «Шаттық» кіші би тобының орындауында «Құстар» биі де көрерменді таңдай қақтырды. Мерекелік шара Гүлнар Ишанғалиева мен Әйгерім Аманғалиқызының орындауындағы «Наурыз» әнімен қорытындыланды.

Ж.Қамза

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521