«Maqat tynysy» газетіне жазылуға асығыңыз!

(0 Votes)

Жаһандануға байланысты түрлі интернет ресурстары, басқа да ақпарат көздері көбейген сайын аудандық газеттердің де таралымы жылдан-жылға төмендеп бара жатқаны жасырын емес. Десе де, қазір жаңа технологияларға негізделген толассыз ақпараттар ағынының арасынан өзіңе керектісін таңдап алудың өзі оңайға соқпайды. Ал, газет арқылы өзекті мәселелер көтеріліп, ауданның күнделікті тыныс-тіршілігі оқырманға жеткізіледі.

Баспасөзге жазылу- қоғамдық-саяси маңызы бар іс-шара. Жыл аяғы болғандықтан, өңірлерде аса маңызды науқан - баспасөзге жазылу жүріп жатыр. Десе де, жылдың аяқталуына бір айға жуық уақыт қалса да, оқырмандарымыз жергілікті басылымға жазылуға асығар емес.       
            Апта сайын «Қазпошта» АҚ-ы  аудандық филиалы беретін статистика көңілге кірбің түсіреді. 23 қараша күнгі мәліметке сүйенсек, «Maqat tynysy» газетіне бар-жоғы – 410 адам жазылып үлгерген. Егер баспасөзге жазылу науқанының аяқталуына бар болғаны бір жарым ай  қалды дейтін болсақ,  бұл - төмен көрсеткіш. Бірақ баспасөз құралдарын апта сайын асыға күтіп, мейманындай қарсы алатын қалың оқырман жыл аяғына дейін бір оң шешімге келеді деген үміттеміз. Сондықтан мерзімді баспасөзге жазылуда сергектік танытқан жөн.

Осы жазылу науқанынан бастап газетке балама жазуды қолға алдық. Балама жазылу редакцияда жүзеге асады, бағасы да арзандау. Бүгінгі күні газетімізге балама түрінде жазылғандар саны 150-ден асып отыр. «Ұйымдастыра білген ұтады» демекші, көш басын Бәйгетөбе ауылдық округінің ұжымдары бастап тұр. Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай кешені - 34 дана, Бәйгетөбе ауылдық округі әкімі аппараты 6  дана газетке жазылған. Сондай-ақ, балама жазылымға қолдау танытқандардың қатарында Доссор кенті әкімі аппараты да бар. Аталмыш әкімділіктен  15 мемлекеттік қызметші газетке жазылып, болжамды орындады. "Шапағат" шипажай бөбекжай-балабақшасы 9, Жастар ресурстық орталығы – 4, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы – 4, әскерлендірілген теміржол күзеті - 7, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі – 7, аудандық қаржы бөлімі – 7, аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі – 8 данадан жазылды. Бұл мекемелердің ұжым саны кішкентай болса да, бар адаммен жазылып, өзге мекеме, бөлімдерге үлгі танытып отыр.

Біздегі тағы бір жаңашылдық енді газетке үйден шықпай-ақ, онлайн жазыла аласыз. Ол үшін газетіміздің ресми сайтындағы «онлайн жазылым» батырмасына басып, газеттің pdf  яғни, электрондық нұсқасына және балама да жазылуға болады.

Арнайы ардагерлер үшін де жаңа мүмкіндік. Егер газетке редакциядан немесе  поштадан жазылуға мүмкіндігіңіз болмаса, редакция нөміріне хабарласыңыз. Сіздің мекен-жайыңызға өзіміз барып, үйіңізден жазылуыңызға мүмкіндік жасаймыз.

Сондай-ақ, сүйікті басылымына редакцияға келіп, жазылатын оқырмандарымыз да жоқ емес. «Аудандық газетке жазылмай, өңірімізде болып жатқан жаңалықтардан мақұрым боп отыру - бұл ұят нәрсе. Бұл газетте ауданымыздың барлық жаңалықтары қаузалып жазылады. Отбасымызбен бірге «Maqat tynysy» газетіне жазылу - жылдағы дәстүріміз. Сондықтан дәстүрді бұзбай, биыл да газетке жазылдық. Шынайы ақпарат бәріне керек. Ал, оны қарапайым тілмен бізге жеткізіп отырған тілшілерге рахмет», - дейді жергілікті ақын Қуат Мыңтұрғанов.

«Maqat tynysy» ұжымы оқырман көңілінен шығу үшін шығармашылық күш-жігерлерін аянып қалған емес. Әсіресе ауданымыздың өзекті мәселелерін көтеруде қалтқысыз қызмет етіп келеді. Оқырман алдындағы бұл міндетіміз алдағы уақытта да жалғаса беретін болады. Берілген мүмкіндіктер шеңберінде өздеріңізге қызмет етіп келеміз. Заман ыңғайына сай газеттің дизайны өзгеріп,  мазмұны байып келеді. Бұрынғы айдарлар жаңарып, жаңалары дүниеге келіп жатыр. «Бұқара үні» — ашық әңгіме алаңына айналды. «Тылдағы тынымсыз тірлік» — тарихымызды түгендесе, «Өнер» — өңірдің мәдени өмірін толық қамтып келеді. «Жағдайың қалай, ауылдас?» айдары да ауылдардың тыныс-тіршілігімен құнды. «Жазылған жайдың жаңғырығы» айдарының да көтерер жүгі ауыр. Редакцияға оқырмандардан келіп түскен мәселені тілшілер барынша зерттеп, кері байланыс орнатып келеді.

Келер жылы да сіздерді ойлы, қызықты айдарлар күтетінін және халықтың мұң-мұқтажын көрсетіп, мәселесін қозғайтын мақалалар санының артатынын айтқымыз келеді. 

Оқырман – газеттің тірегі, жанашыры. Кез келген басылым оқырманымен ордалы. Олай болса, біз де газетіміздің аудан көлемінде көптеп таралып, әрбір шаңырақтың сенімді серігі, ой бөлісер сырласы болғанына мүдделіміз. Ол үшін Сіздің қолдауыңыз қажет, құрметті оқырман! Осы орайда науқан барысында белсенділік танытып жатқан ауданның барша үлкен-кіші тұрғындарына, мекеме, бөлім, басшыларына ризашылығымызды білдіреміз!

Редакция ұжымы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT