Мақаттық Елтай Дүйісовті көпшілік шежіреші, елім деп еміреніп тұрар азамат ретінде жақсы таниды. Ол қазақтың ұлттық болмысы туралы, адам ұрпағымен мың жасайтындығы туралы бірнеше рет «Мақат тынысы» газетіне де сұхбат бергені бар-ды.
Жергілікті жердің «ой-шұқырын» зерттеп, онысын мақтан тұта жүрер азаматтың қызы Құралай Елтайқызы қызықты бір оқиғасымен бөлісті.
Жылдың әр мезгілінде аракідік аудан территориясы арқылы әлемді шарлап, саяхаттап жүрген жиһанкездер кездесіп қалатыны бар. Француздық Клаудтар отбасы да сондай жиһанкездердің сапынан болатын. Оқиға былай болған екен.
Сондай мезеттердің бірінде, дәлірек айтқанда, 2015 жылдың жазғы мезгілі Францияның Клермон Феррон қаласынан Патрик Клауд мырза мен жұбайы Мари Моғолстан елінен кері өз еліне қайтып бара жатқан жолында Мақат кентіне аялдайды. Аудандық аурухана маңында демалып отырған шетелдіктерді көрген Елтай Дүйісов олардың тілін аса түсініңкіремесе де, өзінің шаңырағына әкеліп, дәм татқызып, жай сұрасып, жолға шығарып салуды артық санамайды. Сөйтіп, шаңырағына ертіп келген соң қазақы қонақжайлық танытып, ұлттық тағамдарды самсатып, дастарханын жайып, жөн сұрасады. Әрине, адам баласының бірін-бірі түсінуі үшін жылы шырайдың өзі жеткілікті.
Ұлттық тәрбиені бойына сіңірген Елтай Дүйісов балаларына шет тілін оқытуды артық санамайтын. Басқосуда оның да өз септігі тиеді.
Сол бір қазақы дастархан басындағы басқосу өзара хабар алысып – достасуға себеп болды.
Әлем жаңалықтарын қалт жібермей, құлағы түрік жүретін француздықтар елді жайлаған пандемия кезінде Қазақстанда да 160 мыңнан аса қазақстандық ауруға шалдыққанын, бірқатар адамдардың жақын жуығынан айырылып, қайғы жұтқанын естіп, біледі. Оның ішінде мақаттық Елтай досының ауылдастары да ауырғаны жанына батады. Сөйтіп, білген жайтқа бей-жай қарай алмай, өзінің жанұясы атынан үлесін қосуды жөн көреді. ⠀Патрик Клауд Елтай ағайға ұлттық валюта есебімен 73 000 теңге аударып жібереді. «Ұяда не көрсе, соны іледі»⠀ демекші, өткен демалыс күндері Елтайдың ұлы Тұрғыт пен қызы Құралай екеуі қаражатты Мақат кентінің әлеуметтік көмекті қажет ететін тоғыз отбасына бөліп, ол қаражатқа қажетті дәрі-дәрмек пен азық-түліктерін үлестірді.
Аманатқа қиянат⠀жасау деген адамшылықтан жұрдай адамның ісі деп білетін Дүйісовтер аталған соманың аса бір үлкен қаражат еместігін жақсы білеміз дейді. Десе де, қайырымдылық істің шекара таңдамайтындығын, түрі мен тілі басқа болса да, жүрегі – ақ өзге елдің азаматтарына шынайы ризашылықтарын «Мақат тынысы» оқырмандарымен бірге бөлісуді жөн санаған.
-Әлеуметтік желіде оқырмандармен бөліссем де,⠀әкем «Мақат тынысының» оқырмандарымен бөлісудің орны бөлектігін айтты,-дейді Құралай.
Иә, теңізге құйған тамшыдай болса да, қолұшын созып, мұқтаж жандарға көмек беріп, қиындықтан құтылуға жәрдемдесіп жатса, оны сауапты іс деп білеміз.
Е.Мырза