"Майданға киім тоқып жіберуші едік..."

(0 Votes)

Төрткүл дүниенің бір-ақ сәтте астан-кестенін шығарған зұлмат соғыстың зардабын сөзбен салмақтау мүмкін емес, сірә. Сол кезеңдегі ауыр күндерді басынан өткерген тыл ардагерлері соғыстың соңғы куәгерлеріндей.

Кеше ғана еңбектері еленіп, кеуделеріне жарқырата таққан медальдарына балаша мәз болысып отырған қарттарымызға арнайы ат басын бұрып өткен нөмірімізден бастап естеліктерімен бөлісуді қолға алған едік. Кезекті кейіпкеріміз ауданымыздағы алтын құрсақты аналарымыздың бірі - Маженова Нұрсұлу әжеміз.

1933 жылы Ақтөбе облысының Ойыл ауданында дүниеге келген әжеміз ата-анасынан ерте айырылады. "Бала кезімізде рахат көргеніміз жоқ, көргеніміздің бәрі қорлық. Біздің заманымыз жақсы болған жоқ. Сабақтан келе салысымен, баспақ пен қозы бақтық",- деп бастады әже әңгімесін.

Қиын кезеңдерін күрсіне есіне алған ақжаулықты анамыз 12-13 жасынан бастап сауыншы қызметін атқарған. Егде әйелдермен бірге иық тірескен шынашақтай қыздың қарауында күніге -12 сиыр. Есік алдындағы есепші сауылған сүтті өлшеп, колхозға тапсырады.

Үш шақырым жердегі Балабейіт деген қыстақтан Комсомолға қатынап оқу да оңайға түспесе керек. "Соғыс мезгілінде оқи алмадық. Сабақ үлгерімім жақсы болса да, киімімнің жоқтығынан сегіз бітіріп қалып қойдым",- дейді.

Оның бала шағында майданда қан кешкен жауынгерлердің қажетін қамтамасыз ету қара халықтың мойнында болды. Үй басы кемі бес шұлық пен бес қолғаптан тоқып беруге міндетті. Әжеміз бала болса да, түнімен көз майын тауысып, жүн түтіп, шүйке-шүйке қылып үйіп қоятын еді. Шешелер жағы ұршық иіріп болғасын, олармен бірлесіп жауынгердің қолғабын мылтық атуға ыңғайластырып арнайы үш саусақты етіп тоқитын...

"Енді соның бәрінің қызығын көрер сәтте ауырып, отырғанымыз мынау. Көзден айырылып қалдық, ұлығылап медалін беріп жатырған шақта ол медальдың қандай екенін де көрмедім -ау деп жылап алдым ",- дейді соңғы жылдары қос жанары көруден қалған әжей.

Бала кезінен бейнет көріп өскен ардагер ананың қолы тұрмысқа шыққасын ғана жұмыстан босады. Алайда үй шаруасындағы адам тыным табушы ма еді? Арылмайтын қонақтан бөлек, он алты баланы тәрбиелеп өсіру де оңай болған жоқ. Қонақтың арылмауына да себеп бар, анамыздың жары Мақат аудандық қаржы бөлімінің тұңғыш меңгерушісі болған Маженов Әбіт атты атамыз еді. "Бір күнде ала қойдың басы кетіп қалды деп, екі қой сойды ғой, әлі ішім удай ашиды",- деп сол кездегі адамдардың аңқылдаған ақ пейілін айна-қатесіз сипаттайды әжеміз әзілдеп отырып.

"Жұмысымыз қонақ баптау болды. Барымызды қонақтың ауызына тосып, малымызды сауып, баламызды бағып отырдық қой",- деп еске алысты өткен күндерін.

Әр сөзін әрлеп сөйлейтін әжеміз қара өлеңнен де құр алақан емес. Ол халық ауызындағы қалжың шумақтардан бастап ескі әндердің мәтініне дейін жатқа соғады.

"Ауылдан біз шыққанда төртеу едік,
Төртеуміз де бірдей көркем едік.
Үстімізде ақ көйлек, қара комзол,
Өзегін талай шалдың өртеп едік" деуші еді бір Бәлеш деген қуақы кемпір»-, деп бізді бір күлдіртіп алған қария арнайы келгенімізге дән риза болып еңбегімізге жеміс тіледі.

"Менің сексен жеті жасымды берсін. Баяғыда біз кішкентай баламыз, бір алжыған кемпір шалын қуып жүр: "мынау қайдағы шал, үйден кетпейді",- деп. Жұрт та қыран-топан күлкі. Соны қызықтап қарап тұрмыз. Әй өзіңнің шалың ғой десе, "қой, құрысын менде мұндай шал жоқ. Шалдың қажеті жоқ , қуып жіберіңдер", - дейді.

Алла сондай халге сендерді де келтірсін. Бір-біріңді танымайтын болғанша"-деп ағынан жарылды.

А.САДЫКОВ,
сурет автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT