Жылда 31 мамыр күні қазақстандықтар ел басына түскен қасіретті жылдардағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым етеді. Қазір осы күнді аза тұту күні ретінде атап өту - парызымыз. Әрбір қазақтың баласы осы қайғы-қасіретті ұмытпауы керек. Себебі, өткенін ұмытқан ұлттың болашағы жоқ. Нәубет жылдардағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтың қанды ізін еліміздің қай өңірінен де көруге болады. Тарихи деректер парағында мұнайлы өңірімізде де зұлмат жылдардың зобалаңын көрген қуғын-сүргін құрбандарының қилы тағдыры тоғысқан.
Мұның бір куәсі Мақат кентіндегі Бәйгетөбе ауылы іргесінде және Доссор кентіндегі ел аузында «бірінші ауыл» саналатын ықшам ауданында болған тұтқындар лагері. Тарихи оқиғаны жастайынан көзі көргендерден қанып өскендердің бірі - бәйгетөбелік Хозе-Диас Мәженов. Ол сол жылдардағы нәубетті көрген куәгерлермен дидарласып үлгерген жандардың бірі. Осы оқиғаны өз аузынан есту үшін Хозе-Диас ақсақалдың шаңырағына арнайы іздеп барған болатынбыз. Ол әңгімесін «Бәйгетөбенің күншығыс бетінде ұзындығы 15-20 метрдей болатын жер үйлердің орны болды. Соны бұл не деп үлкендерден сұраймыз ғой...»,- деп бастады әңгімесін. Өңірге 1940 жылдардың аяғына таман 200-ге тарта литвалық саяси тұтқын әйелдер әкелініп, 6-7 сым қоршаумен бекітілген жерде өмір сүрген. Сондай-ақ, Кавказдан жер аударылғандар, Еділ бойынан еріксіз көшірілген неміс, болгар, шешен, орыс т.б ұлт өкілдері сол кездегі ауыл халқының санын арттырған. Хозе-Диас ақсақалдың бала күні ауыл маңынан көрген шлактан жасалған теміржолдың құлаған орны мен құлаған үйлердің үйінділері сол кезде тұтқындардың күшімен салынған күнделікті жұмыстары болатын. Сол кезде ауыл маңынан көмірдің күлінен (шлактан) салынып жатырған құрылыстарға кірпіш дайындайтын цех жұмыс жасаған. Оған да күн-түн демей, тұтқындардың қара күші жұмсалған. Сол дайындалған кірпішке цемент араластырып, қазіргі жаяу жүргіншілер көпірінің бер жағынан тар табан теміржол бойына вокзал тұрғызған. Осылайша лагерь тұтқындары ауыр да, азапты жұмыстарға жұмылдырылған. Құрылысты тез аяқтау үшін дамылсыз еңбекке тартылған тұтқындарға еш аяушылық болмағаны да белгілі.
1966 жылы Гурьев-Доссор бағытындағы 93 км қашықтықтағы тар табан теміржолы Мақат-Құлсары бағытына көшіріледі. Сол кездегі билік тұтқындарды баракқа орналастырған. Оның аймағы жан-жақты темір торлармен қоршалған. Әрі әрбір бұрышта күзет мұнарасы қойылып, оларды қатаң бақылауда ұстаған. Тұтқындар ауыр жұмысқа жегіліп, адам төзгісіз, қайғылы қиын жағдайларды бастан өткерген. Сол жылдары ауыл тұрғындарының өздері де ішерге ас таба алмай отырған кезі болатын. Оның үстіне бұл уақытта қыстың қаһары да қатты сезілген. Тұрғындардың не киімі бүтін емес, не татар нәрі жоқ, оның үстіне жататын орындары да салқын. Осылайша көптеген тұтқындар қырыла бастаған. Өліктерді тұтқындар өздері барактың жанынан жер қазып көме берген. «Бізге ол жаққа бармаңдар кісінің өліктері бар. Обал болады деп айтатын еді. Барактың орындары осы күнге дейін сақталды. Кейінгі жылдары бетін көміп, тегістелген болатын. Мақат ауданына 1966 жылы Қызылқоғадан әкемнің жұмысымен қоныс аударып келгенмін. Бұл осы жерге келгеннен кейін үлкендерден естіген әңгімелерім»,- деп сөзін аяқтады Хозе-Диас қария.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Сурет: ашық дереккөз