Мақат-Доссор жолын жөндеу басталды

(0 Votes)

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қолға алынған еліміздегі жобаның бірі – «Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасы Астрахан бағыты» бойынша тас жолын қайта жаңарту.

Қолға алынған жобаға «Азия Даму» банкі арқылы 3,117 млрд теңге бөлінген болса, қазіргі таңда жоба бойынша 635,4 млн. теңге көлемінде қаражат игерілді. «Ақтөбе-Атырау» автокөлік жолының ауданымызға тиесілі 487-504 шақырымында орналасқан 17 шақырымында жол учаскесін қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Бүгінде ұзындығы 4,7 км болатын уақытша айналма жол құрылысы аяқталды. Негізгі жолдың 4,5 км жол төсемі алынды және су өтетін құбырлардың құрылысы жүріп жатыр. Бұл ретте көлік қозғалысына ешқандай шектеу болған жоқ. Жолдың үстіңгі қабатын нығыздау жұмыстары және негізгі жолды кеңейту бойынша жұмыстары жалғасын табуда. Мердігер компания- «АНТ Иншаат Маден Санайи Аноним Ширкети» акционерлік қоғамы.

Бүгінде жоба аясында 112 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 52-сі жергілікті тұрғындар. Қазақстанның басқа аумағынан келген мамандарға Доссор кентінде 100 орындық жатақхана жалға алынған. Сондай-ақ, жобаға 46 бірлік арнайы техника жұмысқа тартылған. Оның ішінде 16 бірлік компанияның өз техникасы және 30 бірлік техника келісім-шарт негізінде жалға алынған. Қуаттылығы сағатына 1600 тонна болатын асфальт-бетон зауыты Украинаның Кредмаш қаласынан жеткізіліп, зауытты монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Осы жылдың бірінші маусымына алғашқы асфальт өнімін алу жоспарланып отыр. «Жол бар жерде тірлік бар», – деп, Елбасымыз айтып өткеніндей, ауданымыздың экономикалық әлеуетіне де ерекше әсер етеді деп күтіліп отырған аталмыш қатынастағы жолдың сапалы болмағы маңызды. Мәселеге орай өткен аптада аудандық мәслихат депутаттары жоба жұмысымен танысып қайтты. Олардың қатарында аудандық хатшысы Қ.Исмагулов және А.Мендалиева мен Ж.Тәжібаев болды. Жоба бойынша дайындық жұмыстар 2017 жылдың желтоқсан айында басталса, аяқталу уақыты 2019 жылдың маусым айы деп күтілуде.

А.МАСАТҚЫЗЫ.

Суреттер автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521