Гүлге ғашық жандар

(0 Votes)

Доссор кенті Х.Аухатов көшесінің 31/5 үй тұрғындары Губайдуллин Болат және Жангалиева Светлана өз аулаларының әсемдігіне басты назар аударған.

 

Біраз жылдан бері олар жапырағы жайқалған ағаш, түрлі түсті көздің жауын алатын гүлдерді өсіріп келеді. Болат ағамыз ертеден гүл егуді, ағаш баптауды жақсы көреді екен. Светлана апаймен танысқаннан кейін қызығушылықтары тура келіп, он бес жылдан бері осындай игі істі бірге атқарып келеді. Сұлулыққа жаны құштар зейнеткерлер көктем келіп, ауа-райы жылысымен күні бойы аулаға гүлдер егіп, ағаш суарып, тазалық жұмыстарын жүргізеді. Өздері де сол істен ләззат алатындай. Олардың ауласы жазда түрлі-түсті әдемілікке айналғанда жұрт қызығып та, қызғана да қарайды. Құдды бір ертегілер әлеміне саяхаттап келгендей әсерде боласыз. Қарап отырсаңыз, жаныңыз рахат табады. Ауладағы сирень гүлдеген уақытта иісі бүкіл көшеге аңқып, баурап алады. Сол үйдің маңайына, айналаға, әлемге жылылық беріп тұрғандай болады. Одан бөлек аулада қараған, қарағаш, жидек, пальма ағаштары, лилия, мальва, индийский дурман, ночная красавица, бархат, хрен, канна, пион, қызғалдақ, жалбыз өскен гүлзар бағы бар.

Күннің көзіне ұмтылған гүлдердің түйнектері қазірден бастап жайқа-лып өсіп тұр. Бәрі де өздеріне тән шағын ғана ландшафтымен және жинақылығымен ерекше көз тартады. Әсіресе, жаздың аптап ыстығында осындай әдемі көріністің ортасында тыныққанға не жетсін! Күз түскен уақытта бір жылдық гүлдердің тұқымдарын алып, келесі жылға баптап сақтап қояды. Ал, көпжылдық гүлдер жыл сайын өздігінен гүлдей беретіндей дәрежеге жеткен. Бір қызығы, шағын ғана аулада гүлге де, талға да, бақшаға да орын бар. Бәрін үйлесіммен орналастырып, баптаған. Гүлзардан бөлек «қыстың қамын жаз ойла» демекші, бау-бақшада көкіністер де егеді. Қызанақ, қияр, қауын, құлпынай т.б өнімдері жыл сайын жеміс беріп, шаңырақты қуантуда. Жаздан артылғанын қысқа дайындап, жауып алады. «Кез келген өсімдікті, әсіресе гүлді отырғызбас бұрын, топырақты дайындап алу керек. Сіздің аулаңыздың жері құнарлы болмаса, күз мезгілінде белгілеген аймағыңызға құнарландырғыш сеуіп қойғаныңыз дұрыс. Олардың бойында ылғалдықпен қоса, нәрлендіретін заттар болғандықтан, бірте-бірте топыраққа еніп, құнарландырады. Сосын шұңқыр қазып алу керек. Одан кейін, шұңқырға аздаған жылы су құйып, өсімдікті отырғызыңыз, шұңқырға топырақ түсіріп, айналасын нығыздап жабыңыз. Шұңқырдың ішіне топырақты құрғату үшін аздаған ірі құм тастарды тастасаңыз болады. Оған қоса, көң салсаңыз, гүліңіз тез және сәнді болып өседі» -, деп Света апай өзінің тәжірбиесімен бөлісті. Света апайдың тірлігіне сүйсінесің. Кейбіреулер титтей жасаған жақсылығын дабыра қылып, айқайлап айтып жүреді. Ал біздің әңгімемізге арқау болған кейіпкер тым қарапайым. Өйткені өздері туралы жазуға келісімін бермей: «бізден де жақсы баптайтын, бізден де әдемі аулалар бар» деп ұялғандай болды. Дегенмен де, басқаларға үлгі боларлықтай жандар болғандықтан көндіруімізге тура келді. Нәзік гүлдерге өмір сыйлап жүрген жаны жайсаң жандарға бақуатты ғұмыр тіледік.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Суреттер автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521