Аудандық сот ғимаратының мәжіліс залында Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Манат Комиршиновтың қатысуымен жиын өтті. Жиынға сондай-ақ аудан әкімдігінен, аудандық полиция бөлімінен және аудандық прокуратураның басшылары қатынасып, Бақтығұлов Меңдіғали Жүсіпбергенұлы Мақат ауданы сотының судьясына тағайындалды.
Алғаш болып сөз алған М.Комиршинов судьяның өмірбаяны мен еңбек жолына тоқталып жаңа жұмысына сәттілік тіледі.
1981 жылдың 24-ші қаңтарында БҚО Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылында дүниеге келген М.Бақтығұлов 2009-шы жылы М.Өтемісов атындағы Батыс-Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған. Ол сондай-ақ ҚР Жоғары Соты жанындағы Сот өрелігі академиясының түлегі.
Еңбек жолын 2001 жылы өзі туылған ауданнан сот маманының міндеттерін атқарушы экспедитор болып бастаған Б.Жүсіпбергенұлы заң саласында түрлі қызметтер атқарып, бүгінге дейін Жаңақала аудандық сотының бас маман-сот мәжілісінің хатшысы болып жұмыс жасаған.
А.САДЫКОВ
Cурет автордан