Ананың ақ сүтімен, әкенің асыл тәрбиесімен бала кезімізден бойымызға сіңетін ізгі қасиеттің бірі - қоршаған ортаңа қолғабыс білдіріп, мұқтаж жандарға қайырымды бола білу.
Ел басына күн туған сәтте етігімен су кешетін есіл ерлердің бүгінгі жалғасы бүгін біздің арамызда да табылады.
Кешегі аласапыранда "Біз біргеміз" акциясына қолдау білдіріп қаншама ерікті жастар бір тудың астына біріге білді. Осы ретте Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев бір топ белсенділерді "Халық алғысы" мерекелік медалімен марапаттаған еді. Мерейі тасып, абыройы асқақтаған жандардың ішінде жерлесіміз Әнуар Теңдібай да бар.
Әнуардың есімі әсіресе көмекке мұқтаж жандардың жадына жақсы таныс. Ол кішкентай бүлдіршініне ота жасауға қаражаты жетпей қиналып жүрген отбасыларға қолдау білдіріп, бірнеше қайырымдылық турнирлердің өтуіне ұйытқы болған еді. Аз қамтылған отбасыларға азық-түлік таратуда да алда жүретін Әнуар - бұған дейін де елдің ризалығына бір адамдай бөленіп жүрген тұлға.
"Біреуге жәрдемдесудегі мақсатымыз - халыққа қаһарман ретінде көріну емес. "Ең жақсыларың - бір-біріңе пайдаларыңды тигізгендерің",-дегендей әйтеуір бір мұқтаж адамға титімдей болса да, көмегіміз тисе соған ризамыз. Алдағы уақытта ізгі жандардың басын біріктіретін әлгі қорды заңды түрде бекітіп, жұмысымызды одан әрмен жалғастырмақпыз",-дейді марапат иесі. Біз де "осы бетіңнен таймай, елдің алғысына бөлене бер",- дегіміз келеді.
А.САДЫКОВ