Газетіміздің өткен санында аудан футзал командасының бағы жанып, облыстық біріншілікте чемпион атанғанын сүйіншілей жазған болатынбыз. Жақында Атырау облысы 2022-2023 жылғы футзалдан XIV-ші ашық біріншілігінің салтанатты марапаттау рәсімі өтіп, «Локомотив Мақат» командасы көптен күткен кубокты қолдарына алды. Марапаттау рәсіміне Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов қатысып, чемпиондарды құттықтады.
Айта кетейік, өткен жылы желтоқсан айында алғашқы ойыны басталған облыстық біріншілікте «Локомотив Мақат» командасы 14 ойын өткізіп, оның 11-ін жеңіспен аяқтаса, 3-еуінде тең ойын көрсетіп мерзімінен бұрын чемпион атанған еді.
Жекелей ойыншыларда біріншілік барысында үздіктер қатарынан табылды. Атап айтсақ, Алтынбек Қосекен «Үздік қақпашы» және Ержан Шарафиев «Үздік ойыншы» аталымдарына ие болды. Айта кетейік, жігіттерге бұл ойында команда басшысы мен жаттықтырушысы Әнуар Теңдібайдың қолдаулары зор болды.
Жалпы биылғы маусымда «Локомотив Мақат» командасынан бөлек жергілікті тағы үш команда өнер көрсеткен болатын. Олардың ішінде доссорлық «Омар» 4-ші, «Мақат» 7-ші, «Бахтияр» 14-ші орынға тұрақтады.
М.ІЗТҰРҒАНОВА