Көгілдір экран көкжиегі

   Көгілдір экран көкжиегі
(0 Votes)

Жұмысшы мамандықтары – кез келген елдің экономикасының тірегі, қоғам дамуының қозғаушы күші.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялады.

Енді еліміз бойынша адал әрі табанды еңбегімен табысқа жетіп отырған адамдарға ерекше құрмет көрсетіліп, атқаратын қызметі кеңінен насихатталатын болады.

Осы ретте біз бүгін қызмет саласы елене бермейтін, «Қазтелерадио» АҚ филиалы Атырау облыстық радио және телехабар тарату дирекциясының аудандық бөлімшесінде қызмет атқаратын еңбек адамдарының жұмысы туралы айтатын боламыз.

Жалпы аудандандағы телемұнара арқылы ауданымызға 11 отандық телеарна  мен цифрлық жүйедегі телерадио таратылуда.

Олардың үздіксіз жүруін тікелей қамтамасыз ететін – жұмысшы мамандық иелерінің арқасында халық күнделікті тіршілік тынысын көгілдір экраннан үзбей көріп отырады.

Ал, телемұнараның биіктігі - 258 метр, яғни республикада биіктігі бойынша төртінші орынға ие.

Ауданымызда телемұнара 1985 жылы ашылып, бастапқыда аналогты телехабар таратумен айналысып, кейіннен цифрлық хабар тарату дәуіріне 2018 жылы көшірілген.

Содан бастап цифрлық сигнал кедергіге төзімді және көрермендерге бөтен шу мен бұрмаланусыз жетеді.

«Қазтелерадио» АК филиалы Атырау облыстық радио және телехабар тарату дирекциясының аудандық бөлімшесінде 35 жылдық тәжірибесі бар білікті маман Сәбитжан Төлегенұлының айтуынша, аталған саланың өзіндік қиындығы мен қызықтары бар.

«Әрбір жұмыстың өзіне тән ерешелігі болатындай, біздің қызметтің қиыншылығы мен қызығы бар. Жалпы, алғаш еңбек жолымды қазтелерадио мекемесінде 1989 жылы бастаған болатынмын. Кейіннен антенші, монтер жөндеуші болып әр салада қызмет жасап жүріп, 2003 жылы инженерлік қызметке тағайындалдым. 2018 жылы цех басшымыз Жалғас Наурызбеков зейнеткерлікке қалып, сол жылдардан бері осы мекемеде басшылық қызмет атқарып келемін. Қазіргі таңда аудан халқына 11 отандық телеарна, сондай-ақ шалқар радиосы мен  қазақ радиосысын халыққа таратумен айналысамыз.

Бүгінде ұжымда екінші дәрежелі техник, электромонтер, күзетші, инженер, антенші-мачтовик мамандары жұмыс жасайды. Бір айта кетерлігі, мекемемізде жас мамандар жетіспейді. Оның себебі, жұмыстың осы бір түрін көп адамдар біле бермейтіндігінен болар. Себебі, көп жағдайда жасап жатқан жұмысымыз шеткері қалып, елене қоймайды.

Жалпы, басқа аудан бойынша салыстырғанда еңбек ақымыз төменірек. Алайда, өз жұмысымызды жауапкершілікпен жасап, адал қызмет етіп келеміз. Алдағы уақытта кәсіби мерекемізде де, басқа да республикалық мерекелерде де еңбегімізді елеп-ескерілсе деймін», - деді облыстық радио және телехабар тарату дирекциясының аудандық бөлімшесінің басшысы Сәбитжан Төлегенұлы.

Иә, осынау мекеменің үздіксіз жұмыс істеуінде бір-бірімен тығыз жұмыс жасайтын қарапайым жұмысшылардың еңбектері ерен. Әсіресе, мұндағы техник қызмет бөлімі цехтың электр жабдықтарының жөндеу жұмыстарына жауапты.  Әр цехтағы жабдықтардың уақытылы іске қосылып, үдерістің үздіксіз жүруіне тікелей атсалысады. Солардың қатарында қырық жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Назила Рахманова да бар. Оның мол тәжірибесі кейінгі жастарға үлкен мектеп десе де болады.

Назила Рахманова аталмыш мекеме ошағына 1985 жылы келген. Оған дейін Атырау қаласында телецентрде еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған.

«Мен Алматы қаласында байланыс техникумын оқып бітіргенмін. Бастапқыда 3 айға жуық Атырау қаласындағы телецентрде тәжірибеден өтіп, осы мекемеге қырқүйек айында келдім. Алғашында монтёр жөндеуші болып қабылданып, қазіргі таңда техник мамандығы бойынша жұмыс жасаймын.  Жұмысым өзіме ұнайды. Биылғы жылы зейнеткерлікке қаламын деген ойым бар.

Біздің ұжым өте ұйымшыл, осы салада әр жұмысшының еңбегі ерен деп айта аламын. Өзімізден кейін келген жұмысшыларға білгенімізді, осы жұмыстың қыр-сырын үйретіп отырамыз. Алайда, бізге келетін жастар техникалық жағынан білімді болуы қажет.

Қазіргі заманда көпшілігі цифрлық жүйе бойынша жұмыс жасайды. Сондықтан да бұл саланың болашағы әлі алда деп ойлаймын. Сол үшін де осы жұмысқа жастарды шақырамын», - деді аудандық радио және телехабар тарату дирекциясының екінші дәрежелі техник маманы Назила Хайроллақызы.

Иә, бүгінде көрермен сүйікті сериалдарын, телебағдарламаларын көгілдір экранның алдында отырып, кез келген уақыт та қарай алады.

Ал, оның ар жағында осы саланың жұмысшы мамандары телеарнаның уақытылы әрі жүйелі шығуын қадағалап, бақылап отыратындығын көбісі біле бермейді.

Сондықтан бұл еңбек адамдарының атқаратын жұмыстары бағаланса дейміз.

                                                                                                                   Г.Жұбанышқалиева

Суреттер автордікі

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT