Кеңейтілген отырыс қоғамдағы ахуалды зерделеді

(0 Votes)

Қоғамдық келісім кеңесінің кеңейтілген отырысында отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбие үрдісінің сақталуы туралы мәселелер талқыланды.

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында бас қосқан жиында аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Ерғалиев, облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Жанат Досқалиева, облыстық, аудандық, кент және ауылдық округтік Қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары мен мүшелері, дербес бөлім басшылары, қызметкерлері, кент, округ әкімдері, ардагерлер, жас отау иелері қатысып, пікір бөлісті.

Облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы, облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келсім» КММ ұйымдастыруымен өткен отырыста қоғамдағы келісім мен ұлттық бірлікті сақтау, Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» халыққа Үндеуін қолдай отырып, аудандық және округтік Қоғамдық келісім кеңесі жұмыстарын жандандыруды мақсат етті. Отырыстың күн тәртібінде алғашқы мәселе «Отбасы жарастығы неде?» -деген тақырыпта ұлттық тәрбие құндылықтары туралы облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі, кәсіби емес медиатор Дәмен Алтаева баяндама жасап, бабалар дәстүріндегі ұлттық құндылықтарды бүгінгі ұрпақ санасына сіңіру, әйел мен ерге тән әдеп пен әдетті қалыптастыру қағидалары туралы мысалдарды тарқатты.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан бойынша отбасылық қатынастар статистикалық деректер негізінде аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Гүлсара Биташева баяндама жасады. Баяндамашы аудандағы отбасын құрушылардың жауапкершіліктерін арттыру мақсатында атқарылған жұмыстарды саралады. Биылғы жылдың 6 айында ауданда 88 неке қию, 26 неке бұзу дерегі тіркелсе, өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда некеге тіркелу саны кеміп, неке бұзушылар саны көбейіп отыр. Мұның себебі, ішімдіктің салдары, жұмыссыздық отбасы жауапкершілігін төмендетіп, ажырасуға алып келетінін алға тартады. Сондықтан, қоғамда отбасын құрушы жастармен жұмысты жандандырып, Қоғамдық келісім кеңесі мүшелері тарапынан тәрбиелік мәні зор жұмыстарға ықпал ету қолға алынуы қажет-ақ.

Жас отау иелерінің отбасын жоспарлау, ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында мектептермен дәрігер мамандардың, психологтардың қарым-қатынасын жақсарту арқылы дәрігерлік кеңестер беру – өзекті. Бұл тұрғыда «Отбасы – ұлттың тірегі» тақырыбында емхана дәрігері Гүлдана Ізтілеуованың баяндамасы жастармен жұмыстың әлі де болса жеткіліксіздігін аңғартты. Баяндамашының есебін зерделеген Ж.Досқалиева дәрігерлік кеңес берудн қоғамдық ортамен байланысын жиелету қажеттілігі туралы ұсыныс берді.

Жиында сөз алған облыстық Қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Аманғали Әміржанұлы «Қоғамдағы келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуда Кеңестің рөлі» туралы Кеңес жұмыстарын жандандыру мәселесін қозғап, аудандағы өкілдерге ой салды. Ауданға арнайы сапармен келген Махамбет аудандық Қоғамдық келісім кеңесі сарапшысы Асқар Құрманбаев өзінің іс-тәжірибесімен бөлісіп, тұрғындардың әлеуметтік ахуалын көтеруге ықпалы туралы мәлімдеді. Кеңейтілген отырыста аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің жұмысы туралы кеңес төрағасы Қабылхан Омаровтың баяндамасы тыңдалып, талқыланды. Отырысты қорытындылаған Ж.Досқалиева қоғамдағы түйіткілді мәселелердің шешімін табуға Қоғамдық келісім кеңестерінің ықпалы зор екенін жадылап, қоғамдағы келісім мен ұлттық бірлікті арттыру мақсатында ұсыныстар айтып, шешім қабылдады.

Л.НҰРБАЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521