Ұйымшыл ұжымның мерейі үстем

(0 Votes)

Мақат кентінде негізгі өндірістік саланың бірі – теміржол саласы.

Сала қызметінің негізгі міндеті еңбекті қорғау және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, жүк тасымалы жұмыстарын жүргізу.

Стансадан өтетін жолаушылар пойызы мен жүк тасымалдау болат жолдың бойында тынымсыз еңбек етіп, жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязында жұмыс жасап жатқан теміржолшылардың еңбегі еселі. Оның ішінде үнемі еңбек майданының алдыңғы шебінде жүретін №1 Атырау вагон пайдалану депосы Мақат техникалық қызмет көрсету бекетінің ұжымын ерекше айтуға болады.

Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мекеменің атқарып отырған еңбегі ауқымды екенін биылғы жеті айда вагон қараушылардың 78 788 жүк вагоны мен 70 415 жолаушылар вагондарына техникалық қызмет көрсетіп, сондай-ақ, 627 вагон белгіленген уақытында жөндеуінен көруге болады.

Жалпы, аудан аумағындағы теміржолдар бойында орналасқан барлық жүк және жолаушылар вагондарының жағдайын қарап, дер кезінде олардың ақауын тауып, бұзылған жерін жөндеу, техникалық қызмет көрсету-осы мекеменің еншісіне кіреді. Сол себепті де мұнда өндірістік жұмысты орындау технологиясы, еңбекті қорғау ережесі және қауіпсіздік техникасының талаптары қатаң сақталған.

«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» ұжымды берекелі істерге бастай білген, жоғары білімді тәжірибелі маман Жеңіс Елубаев басқарады.

Ынтымағы жарасқан бөлімше пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін сақтауда берекелі істі жалғап келеді. Мамандар, жұмысшылар - қай уақытта да өндірістің маңызды күші. Өз істеріне жауапты ұжым еңбеккерлері үшін мекеменің әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі жолға қойылған. Әр жылдары құрметті демалысқа шыққан 40 зейнеткердің әрбіреуінің есімін жатқа білер ұжым әрдайым мақтанышпен айтып отырады. Биылғы жылы да мереке қарсаңында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен вагон қараушы Гүлшара Шалғұнбаеваны зейнеткерлікке шығарып салып, сала басшылығы атынан ризашылығын білдірген ұжымның алдыңғы буынға құрметі – ұйымшылдықты білдіреді.

Таяуда ғана дөңгелек жұғынының ақауын уақытында тауып, апатты жағдайдың алдын алған вагон қараушылар Б.Ермұханова мен Е.Тағиберген мерекеде «Қозғалыс қауіпсіздігі» төсбелгісімен марапатталады. Бұл – ұжымның мерейі.

Жалпы теміржолшылардың басым көпшілігі жергілікті жердің тұрғындары. Ал енді бірі теміржолшылар династиясын жалғап келетін отбасылық ұжымның үлгісін танытып келеді. Бүгінде 136 мүшесі бар ұжымға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында балалардың жазғы каникул кезінде лагерьлерге жодама беріледі.

Береке мен ырысы тоғысқан, тарихы бай мекеме еңбеккерлерінің келешекте де сапалы қызмет биігінен көріне беретініне сенімдіміз.

А.ТАУМҰРЫНОВА.

Сурет автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521