Газ бағасы түсті, ал аудандағы таксидың құны ше?

(0 Votes)

Жаңаөзеннен басталған дүмпуге түрткі болған газдың бағасы бүгінгі күні 50 теңгеге дейін түскені белгілі. Алғашында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов басқарған, құрамында энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев пен бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин бар комиссия газдың бағасын 85-90 теңгеге дейін түсірген еді. Алайда наразы топ бұл жеңілдікке көнбегеннен кейін билік бағаны 50 теңге қылуға мәжбүр болды. Президенттің бекітуімен қазіргі таңда облыс орталықтарындағы газдың құны 50-70 аралығында болса, шалғай аудандарда 70-75 теңгені құрап отыр.

Алайда газ бағасының төмендеуінің екінші жағы да бар. Мысалы: «Егер жанар-жағармай құю бекеттерінде баға 50 теңгеден асып кетпеуі үшін "ҚазМұнайГаз" зауыттан арзанға сататын болса, онда әр литрден шамамен 30-50 теңге жоғалтады/дотациялайды. Осылайша жылдық шығыны немесе жіберіп алған пайдасы 11-18,5 млрд теңгені құрайтын болады. Ал егер бүкіл Қазақстан бойынша литрі 50 теңгеден сатылатын болса? ҚазМұнайГаз жылына 81-135 млрд теңге жоғалтады! Неліктен жаңа зауыт салынбады? Өздеріңіз білетіндей, сұйытылған газдың бағасы тиімсіз болған кезде шетелдік те, ішкі инвестор да мұндай күмәнді өндіріске ақша салмайды. Жаңа зауыт Жаңаөзенде салынуы мүмкін», - дейді inbusiness.kz порталы.

Ауданымызда 5 автогаз құю бекеттері тұрғындарға қызмет көрсетсе оның 3-еуі Доссор, 2-уі Мақат кентінде орналасқан.

«МақатАвтогаз» газ құю бекетінің басшысы Қуаныш Іңірбай: «Негізі менде газдың қоры аз қалған еді. Сондықтан талонмен келісімшарт жасалған мекемелерге ғана сақтамақшы болғам. Бірақ Президент газ бағасын 50 теңге деп бекіткеннен кейін біз де аталған сомамен жалпы халыққа сатып жатырмыз», - деп жауап берді. Аудан орталығындағы екінші газ құю бекетінде баға 55 теңге деп көрсетіп тұр. Неге басқа жерлерден қымбат екенін білейік десек екі күн қатарынан барып айналасынан жан таба алмадық. Бір байқағанымыз, газ құю бекеттеріндегі бағаны қадағалап жүрген тек біз емес екен.

Доссор кентіндегі «Ниет», «Promgaz», ЖК «Ербол» газ құю бекеттерінің барлығында сұйытылған газ 50 теңгеден сатылуда. Желтоқсан айының басында 100 теңгеге дейін көтеріліп кеткен баға жыл соңынан осы уақытқа дейін 95-99 теңге шамасында болған. Бізбен тілдескен кассирлар соңғы күндері түсетін табыс күрт төмендеп кеткенін айтады. Сондай-ақ олар көлік жүргізушілердің көбі газбен емес бензинмен жүретін өлкеде газ бағасы түсуінің өзектілігіне қатысты күмән білдірді.

Расымен де, біз мінген ішаралық таксиды тізгіндеуші жергілікті шөпірлерге газдан гөрі бензинның бағасы түскендігі пайдалырақ болатындығын айтып өтті. 200 теңге болған ішаралық такси мен 1300 теңгені құрайтын Атырауға қатынаудың бағасына соңғы өзгерістер оң әсер еткен жоқ. Тіпті, Доссор мен Мақат арасындағы таксилардың құны 500 теңгеден 700 теңгеге дейін өсіп кеткен. Газбен жүретіндер де қасындағылар қойған бағадан төмен түсіре алмауда. 

whatsapp-image-2022-01-17-at-11_01_46

Атырау-Доссор бағытында такси қызметін көрсететіндердің бірі Айдынбек Қожанов: «Көлігім газбен жүреді. Бірақ ол арзандағанымен көлік жабдықтары күннен-күнге қымбатсуда. Мысалы кезінде 10-12 мың тұрған қысқы дөңгелектерге қазір 18 мың сұрап тұр. Одан қалса киім-кешек пен азық-түлік бағасы қалтадан қағады. Ал 170-182 тг аралығында тұратын бензинмен жүретіндер онсыз да түсірмесі белгілі ғой. Әйтеуір таксидың қазіргі құны әзірге көтерілмейді деп айта аламыз», - деп нәпақасын күре жолдан тапқандардың пікірін білдірді.

Иә, жақсы жаңалыққа да әр тараптың өзіндік пікірі бар. Ұққанымыз, ауданымыздағы газ құю бекеттері баға қатысты талапты толық орындауда. Бірақ халқының көбі бензинмен жүретін мақаттықтар үшін дәл осы газ бағасының төмендеуі жеңілдік алып келгені шамалы.

                                                                                                             А. Есжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT