Өткен апта да ауданымызға қызметтік іс-сапармен Атырау облыстық сотының төрағасы Бауыржан Жұмағұлов ат басын бұрып, кездесу өткізді. Аудандық сот ғимаратындағы отырысқа аудан әкімі Шәкір Кейкин мен ақсақалдар, сондай-ақ медиаторлар мен аудандық сот ұжымы қатысты.
Кездесу барысында Бауыржан Жұмағұлов қатысушыларды елімізде жүргізіліп жатқан сот реформалары туралы хабардар етіп, негізгі заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар туралы айтып берді.
Сондай-ақ, кешегі келеңсіз жағдайларға тоқталып, тәртіп бұзушылардың жазасыз қалмайтынын жеткізді. Осындай қиын шақта бірлікте болуға және төтенше жағдай режимін қатаң сақтауға шақырды.
Одан әрі облыстық сот төрағасы аудандық соттың жұмысымен танысып, сот отырысы залы, кеңсе, татуласу кабинетінің жұмысына оң бағасын берді. Сотпен ақпараттық сервистерді, аудио-бейнежазба жүйелерін қолдану мәселесіне ерекше назар аударды. Сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсарту, істерді қарау барысында мерзімдер мен заң талаптарын қатаң сақтау қажеттілігіне судьялардың назарын аударды.
А.САДЫҚОВ,
Сурет автордікі