Ертеңгі жетістік – бүгінгі маңдай тер...

(0 Votes)

Спорт – денсаулық кепілі. Дені сау, білімді ұрпақ – ұлттың басты байлығы. Ал балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің борышы.

Сол себепті Президент Қасым Жомарт Тоқаев алғашқы жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне баса назар аударған болатын. Футбол – аса қырағылық пен шапшаңдықты талап ететін әлемдік спорт түрі. Бүгінде ала допты жанына серік еткен жастардың қарасы да жыл санап көбеюде. Футбол десе ішкен асын жерге қоятындардың бірі әрі бірегейі мақаттық Ерасыл Шарапиденов. Жас та болса футбол ойынын жетік меңгерген аяқдопшы мұнайлы өлке Мақатта 2005 жылдың 9 қаңтарында дүниеге келген. Жастайынан алғырылығымен көзген түскен Ерасыл отбасының ортаншы перзенті. Алдыңғы толқын екі ағасы мен тынысы болар екі інісі бар. Әке- анасы Қайрат Шарапиденұлы пен Жанат Сабыржанқызы бес бірдей ел азаматын тәрбиелеп отырған бақытты жандар.

«Алғаш мектеп табалдырығын туған жерімдегі Х.Санбаев орта мектебінде аштым. Мектепте барлық пәнге деген қызығушылығым жақсы болды. Десе де футбол десе ішкен асымды жерге қоятын едім. Футболға деген алғашқы баспалдалдақ осы мектеп қабырғасында басталды. Алғаш мектеп аралық жарыстарға қатысып, футболға деген ерекше қызығушылығымды байқадым» –дейді аяқдопшы Ерасыл.

Кейін аталмыш спорт түрімен кәсіби тұрғыда айналысуды көздеген бала Ерасыл жергілікті Мақат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті атанады. Алғашқы қадамдары туралы :

«Бір топ бала болып, спорт мектебінің табалдырығын имене аттадық. Бойымызда спортқа деген құштарлық, уайым, үрей болды. Бірақ, талабымызды шыңдар бапкерлеріміздің арқасында кәсіби тұрғыдан білім алдық. Осы ретте, бапкерлерім Шарафиев Ержан, Амандосов Жақсылық және Әнуар Теңдібайдың еңбектерін айта кетпесем болмас» –дейді.

Расымен де, спортта жалғыз жетістікке жету мүмкін емес. Мықты техника, үздіксіз жаттығу мен темірдей тәртіпке үйретер ұстаздың еңбегі орасан зор. «Ұстаздан шәкірт озар» - демекші шәкірттерінің бүгінгі жетістіктеріне бапкерлері де дән риза. Жас спортшы Мақат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жанынан үйірмеге қатысып жүріп, туған жер атынан жастар арасында Қазақстан чемпионатына да қатысқан. Сол уақытта Құлсары құрама командасының балаларымен бірге түрлі әлемдік чемпионаттарда бақ сынап, үздік екендігін көрсеткен. Атап айтқанда, Шымкент қаласында республикалық турнирден I орынды, Алматы қаласында республика жарысында III орынды иеленген. Кейін әлемдік деңгейде Қырғызстан елінің Бішкек қаласында өткен әлем кубогінен жүлделі I орынды жеңіп алған. Осындай жетістікке жеткен жас футболисттің болашағынан да үміт көп болды. Сөйтіп 9 сыныпқа аяқ басқан шақта Атырау футзал сапына ауысқан.

«Атырау қаласында облысы көлемінде іріктеу болды. Сол іріктеуден көзге түсіп, мені командаға құрамына шақырған болатын. Бірақ, баста менің іріктеуге баратын ойым да болған жоқ. Іріктеуге екі күн уақыт қалғанда бапкерім Ануар Теңдібай хабарласып, іріктеу кезеңіне бірге баратындығымызды айтты. Атырау қаласындағы іріктеу кезеңі бақандай үш күнге созылды. Нәтижесінде, мені құрама сапына қабылдады.Ауылдың құрама сапында ойнап, бапкерлеріме әбден үйреніп қалған кезде маған команда ауыстыру маған қиын болды. Десе де әрі қарай ілгерілеп, футболда жаңа қадам жасау керек болды» –дейді аяқдопшы.

Осылайша, Ерасылдың спорттың мансабының жаңа беттері ашылып, болашаққа деген нық қадамдар жасалды. Атырау құрама командасының сапында жүріп, Ерасыл қақпашы ретінде ерекше көзге түсіп, біршама жетістіктерге жеткен. Атап өтсек, Қазақстан чемпионаты 2020-2021 - күміс жүлдегер, Қазақстан чемпионаты 2021-2022 - қола жүлдегер, Қазақстан кубогі 2021-2022 - күміс жүлдегер атанған. Ал биылдан бастап елімізге Ерасыл Шарапиденов әйгілі «Қайрат» командасының жаңа қақпашысы атанды. «Қайрат» командасымен келісім шарт 2+1 жүйесі арқылы жасалды. Яғни, келісім шартқа екі жылға қол қойды. Ал екі тарап келіскен жағдайда тағы бір жылға созуға мүмкіндік бар. Команда сапында қақпашы позициясын ұстанатын ол «қақпашы болудың жауапкершілікті талап ететіндігін, ойынның 50% қақпашыға байланысты екендігін жеткізді.

«Мені бапкерлерім алғашқы кезден-ақ қақпашы позицияға дайындағаннан соң, осы жолмен жүруді шештім» - дейді қақпашы Ерасыл.

Спорттық мансабында жақсыларды өзіне үлгі тұтқан Ерасыл бүгінде Леонардо де Мело Виейра Лейте, Игитадай футболист болуды мақсат етеді. Әрбір ойынын үзбей көріп, кумирінің техникасын меңгеруге тырысады. Себебі, кумирі де командада Ерасыл сияқты қақпашы рөлін атқарады. Үлгі тұтар Қазақстан Игита ұлттық құрамасының футзалдан қақпашысы және капитаны, әлемнің бес дүркін үздік қақпашысы. Бүгінде Ерасылдың бала арманы орындалып, Қазақстан ұлттық құрамасының кеңейтілген тізіміне шақырту алған сәттен бастап кумирі Игитамен бірге жұмыс жасап, тәжірбие жинау үстінде. Келешегінен зор үміт күттіретін футболист Өзбекстан елінде өтетін әлем чемпионатына дайындалуда. Алдына айқын мақсат қойған жас футболшы келешек артынан ерген футбол сүйер інілеріне тәртіп, шыдамдылық, төзімділік сынды қасиеттерді бойға жию керектігін айтады. Спорт дағдарысқа төтеп бермейді. Сондықтан Ерасыл қазір алдағы чемпионаттарға тыңғылықты дайындық үстінде.Күнімді спорттық жаттығусыз өткізген күн – мен үшін бос күн» - дейді ол.

Сондықтан кейіпкеріміз ертеңгі жетістік – бүгінгі маңдай тер екендігін растайды. Болашағынан зор үміт күттіретін Ерасыл Қайратұлының «Қайрат» құрама сапындағы көрсететін ойындарына тек сәттілік тілейміз! Қазақтың атын әдемдік чемпионаттарда шығаратын ең үздік қақпашысы болсын!

Ж ҚАМЗА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT