Ұлтқа қызмет ету мінезден

(0 Votes)

Аудан жұртшылығы спортта биік жетістіктерге жеткен даңқты ұл-қыздарымен және әлемдегі жоғары байрақты бәсекелерде елімізге олжа салып жүрген чемпиондарын мақтан тұтады. 

Кішкентайынан спортты жанына серік етіп, қасиетті өлкенің даңқын асырып, сол арқылы өздері де құрметке бөленіп жүрген спортшыларымыз мұнайлы өлке де аз емес. Солардың бірі дзюдо күресі бойынша Қазақстан Республикасының спорт шебері, Халықаралық ойындардың чемпионы мақаттық Серікболсын Шынтас.

Серікболсын Шынтас 2000 жылы 18 ақпанда спортшылар отбасында дүниеге келген. Отбасында тұңғыш бала. Артынан ерген бір інісі және қарындасы бар. Спортпен сегіз жасынан бері айналысатын кейіпкеріміз, өзінің спорттағы алғашқы ұстазы әкесі екенін айтады.

"Әкем Ерлан Шынтасов аудан бойынша дзюдо күресі спорт залын ашқан алғашқы бапкерлерінің бірі. Мені сегіз жасымда өзімен бірге дайындыққа алып келетін болды. Ойын баласы болғасын ба, алғашқыда дзюдоның қандай спорт екенін түсінбедім. Уақыт өте келе, жаттығу жасап жүрген кезде дзюдо өзіне баурап, ұнай бастады. Кейіннен денем шынығып, түрлі жарыстарға қатыса бастағасын, қызығушылығым оянып, дайындықтардан қалмайтын болдым",- дейді Серікболсын.

Кейіпкеріміз Мақат кентінде 4 сыныпқа дейін білім алып, әрі қарай Атырау қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы №5 орта мектепте тоғызыншы сыныпқа дейін оқыған. Сонымен қоса ол вокзал маңы мөлтек ықшам ауданындағы №1 спорт кешенінде Бимырза Тайжановтың жетекшілігінде спорттық дайындығын жалғастырған. Кейіннен Алматы қаласындағы К.Ахметов атындағы №1 олимпиадалық резервтерді дайындайтын оқушылардың мектеп-интернатында 10-11 сыныпты оқыған. Оқу орынын тәмәмдағаннан кейін, К.Ахметов атындағы спорт колледжіне, одан әрі қарай Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне оқуға түскен. Мектеп-интернатындағы бапкері Мықтыбек Нұрбек болған. Қазіргі таңда Орал қаласы Батыс Қазақстан Инженерлі-Технологиялар Университетінде мұнай және газ ісі бойынша білім алуда. Сонымен қатар, ол бүгінде "Газпром" мекемесінде машинист болып қызмет атқарады. Серікболсын татамидегі ең алғашқы жарысы Құлсары қаласында өткенін айтады.

"Алғашқы жарысым Құлсары қаласында өткен облыстық қазақша күрестен спартакиада болған. Ол кезде қазақша күрес немесе дзюдо күресі күресі деп бөлмейтін. Сол жарысқа 26 кг салмақта жарысқа шығып ІІ орынды алған болатынмын. Содан бастап жеңістің дәмін татып, мойныма медаль таққаннан кейін жігерленіп, спортқа деген құлшынысым одан әрі арты. Былайша айтқанда мотивация болды", - дейді ол.

Сонымен қатар кейіпкеріміз өзінің әр қатысқан жарысынан елге жеңіспен оралып, бапкерінің, ата-анасының үмітін ақтау басты мақсаты екенін айтып, осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктеріне әкесі Ерлан Шынтасовтың және өзге де бапкерлерімнің қосқан еңбегі зор екенін жеткізді.

Осы тұста кейіпкеріміздің спорт жолында жеткен жетістіртерін айтып өтпеске болмайды. Ол бүгінде жасөспірімдер арасында Халықаралық, Республикалық чемпионаттардың жеңімпазы, Қазақстан чемпионатының екі дүркін чемпионы, Балалар Азия ойындарының чемпионы, жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының екі дүркін чемпионы, ересектер арасында университеттер арасындағы Қазақстан чемпионатының чемпионы, Қазақстан Республикасының спорт шебері.

Ол жас спортшыларға алға қойған мақсатына жету жолынды тынбай еңбек ету қажеттігін және мақсат жолына жетпестен бұрын жоспарларын барлығына жарияламауды ұсынады.

"Спорт жолын таңдаған жасөспірімдерге, бауырларыма, інілеріме айтарым спорт жолында балуандарға босаңдық танытуға жол жоқ. Спорттың жолы адамның өмірі. Сондықтан спорт жолына адам нақты шешіммен келу қажет. Сондай-ақ, спортты таңдаған адам уақытылы режимді сақтау керек. Оған ерте тұрып, ерте жатып, дұрыс тамақтану үрдісін ұстану жатады. Жүріс тұрысына мән беру қажет. Бұл тек спортшы емес, барлық адамға ортақ міндет. Татамиде кез келген жағдай болуы мүмкін. Қарсыласың сені алып жықпас үшін, жақсылап дайындалу қажет", - дейді кейіпкеріміз.

Осы тұста Серікболсын спортшының бойында болуы қажетті құндылықтарды айтып өтті. Ол:

"Кез келген маман кәсіби деңгейге немесе белгілі бір жетістікке жету үшін небір қиындықты басынан өткізеді. Жеңіс оңай келмейді. Спортшының бойында ең бірінші табандылық, қайсарлық, мінез болу керек. Ата-бабамыз елімізді, жерімізді босқа сақтап қалған жоқ. Олардың бойында қайсарлық мінез болды. Сол мінездің арқасында бүгінде біз егемен елдің астында өмір сүріп жатырмыз. Сонымен қатар, мықты спортшы болу үшін спортшының бойынан оған тән бірнеше фактор болуы керек. Жалпы күрес спортында жүректі болуды ұсынамын. Жүректі адам кез-келген ортада өзінің мінезін, табандылығын көрсете біледі. Ал жарыс кезінде спортшылардың ең соңғы минуттары шешуші уақыт деп аталады. Осы уақыттарда спортшылар нағыз мінезін көрсетеді. Сол үшін де нақтылық, табандылық, қайсар мінез керек деймін. Жалпы Отан отбасынан басталады дейді ғой. Отбасын қорғай білген жігіт, барлық жағынан да жетістіктерге жетеді. Сол сияқты спортшы да өз қызметін отбасынан бастау керек. Отанын сүйген жігіт көк туымызды желбіретіп, мәртебесін арттырады деген ойдамын",- дейді Қазақстан Республикасының спорт шебері Серікболсын Шынтас.

Иә, боз кілемде белдескен спортшыларымыздың қай қайсысыда осал емес. Кешегі батыр балуандардың ізін жалғап, егеменді еліміздің көк туын Халықаралық чемпионаттарда желбіретіп, әнұранын асқақтатып жүрген бүгінгі кейіпкерімізге жетістіктер мен ізденістер және жеңістер тіледік. Қашанда көк туымыз әлемдік ареналарда желбірей берсін!

Б.Асхатқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT