Қатыгезденіп бара жатырғандай көрінетін қоғамды сұлулық емес, мейірімділік құтқарады дейді білгіштер.
Кей адамның бойынан табу қиын мейрімділікті оятатын – кішкентай бүлдіршіндер. 1925 жылы Швейцарияның Женева қаласында Халықаралық балаларды қорғау күні болып бекітілген бейресми мереке біздің елде де кеңінен аталып өтіледі. Ол түсінікті де. Өйткені біз «берсең балаға бер», «баламның аяғына кірген тікен менің маңдайыма кірсін» деп, өзі үшін емес, ұрпағы үшін өмір сүретін халықпыз. Сондықтан тасжүрек жандардан басқасының бәрі бүлдіршіні дегенде емешесі үзіліп тұрады.
Жазбен жарыса жеткен биылғы мерекенің таңертеңі жан жақтан жүрген музыка мен ауылдың әр бұрышындағы батуттарда ойнаған балалардың дауыстары естілуімен басталды. Солардың ішіндегі бір шараның артықшылығы – негізінен ерекше балаларға көңіл бөлінуінде еді.
Ауданымыздағы әлеуметтік кәсіпкер, «Айналайын баладан» қоғамдық қорының төрайымы Эльмира Мусина ұйымдастырған мереке Доссор кентіндегі ойын орталығының аумағында өтті. Жиналған 100 бала алдымен көңілді әуенге би билеп, кейін қызықты ойындарды ойнап жарысты. Сонымен қатар сурет конкурсынан жеңімпаз боп танылған балалардың туындыларынан көрме ұйымдастырылды. Шара соңында барлық мереке иелеріне демеушілерден сыйлық таратылды.
«Маған қолдау танытып, ерекше және көп балалы отбасылардағы балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлауыма демеушілік танытқан О.Сарғұнанов мектебінің 1997 жылғы түлектеріне және жергілікті кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Әділбек Идиятовқа алғыс айтамын. Әр жобамыз ел игілігі үшін», - дейді бір өзі бірнеше істі тындырып жүрген Эльмира Мусина.
Ұйымдастырушының өзіне аудандық білім бөліміне қарасты №7 «Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» КММ атынан алғыс хат берілді.
А. Байшуақ