Елімізде 2029 жылға қарай газ көлемі 10 млрд текше метрге өседі деп күтіліп отыр. Бұл туралы Мәжілісте газ тақырыбында өткен отырыста Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр газ саласында қабылданған реформалар газдың ресурстық базасын ұлғайтуға және газ саласына инвестициялар тартуға бағытталғанын атап өтті. 2029 жылға қарай шамамен 10 миллиард текше метр газдың қосымша өсімін күтеміз. Мысалы, 2022 жылы 23,9 млрд текше метр болса, 2029 жылы өсім 33,4 млрд текше метрге дейін өседі. Энергетика министрлігі «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «QazaqGaz» ҰК АҚ-мен бірлесіп, «ҚазМұнайГаз» бен «QazaqGaz» жаңа кен орындарын игеру, сондай-ақ ірі кен орындары базасында газ өңдеу қуаттарын салу бойынша егжей-тегжейлі жол картасын қабылдады, - деді Энергетика министрлігінің басшысы.
Айтуынша, бүгінгі таңда «QazaqGaz» Қашаған кен орнында қуаты жылына бір миллиард текше метр болатын газ өңдеу зауытын салып жатыр.
Бұл Ұлттық оператор үшін газ өңдеу зауытын салудағы алғашқы тәжірибе. Себебі аталған кен орнында күкіртсутектің көп мөлшері мен жоғары қысым бар. Қазіргі уақытта жоба кестеге сәйкес іске асырылып жатыр, - деп түсіндірді ол.
Зауыт 2025 жылы пайдалануға берілуі мүмкін. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы ҚазГӨЗ зауытының базасында жаңа газ өңдеу зауытын салу туралы шешім қабылданды. Зауыт 2025 жылы пайдалануға беріледі. Қашаған және Қарашығанақ кен орындарының базасында жаңа газ өңдеу қуаттарын салу жоспарланып отыр. Ол жылына 8 миллиард текше метр шикі газ өңдей алады. Олар 2027-2028 жылдары пайдалануға беріледі. Отырыста Дүйсенбай Тұрғанов, Самат Мұсабаев, Ажар Сағындықова, Бауыржан Смағұлов, Арман Қалықов, Ерболат Сатыбалдин, Аян Зейнуллин тиісті орган басшыларына газ саласында қордаланған мәселелерге қатысты сұрақтарын қойды.
Жиында Еділ Жаңбыршин тауарлық және сұйытылған газдың ресурстарын ұлғайту, елді газбен қамтамасыз ету, газ саласындағы инвестициялық тартымдылықты арттыру, алауларда ілеспе газды жағуды және кері айдауды қысқартуға ынталандырушы тәсілдер кешенін әзірлеу қажет екенін атап өтіп, мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең басты міндет екенін айтты.