Доссор мектеп-интернатында 45 жылдан кейін кездесті

(0 Votes)

С.Шарипов атындағы Доссор мектеп-интернатында «Білімді ұрпақ – ел болашағы» тақырыбында соңғы қоңырау салтанатты болып өтті. Салтанатты жиынға аудандық білім бөлімінің әдіскері Айдана Бақтыбайқызы, ата-аналар кеңесінің төрайымы Гүлжазира Айжарыққызы және мектеп-интернатынан түлеп ұшқандарына 45 жыл толған түлектер қонақ болып келді.

Мерекелік шара мектеп директоры Бақытгүл Әділбекқызының сөзімен ашылды. Ол мектеп бітіргелі отырған 18 оқушыға сәт-сапар тілеп, қонақ болып келіп отырған түлектерге рахметін айтты. Соңғы қоңырау барысында 2022-2023 оқу жылын үздік тәмамдаған 83 үздік оқушыға құрмет көрсетіліп, «Үздіктер шеруі» сап құрды.

Биылғы соңғы қоңырау жиынының басты ерекшелігі – мектеп бітіргендеріне 45 жыл болған түлектердің қасиетті қара шаңырағында бас қосуы болды. Түлектер өз кезегінде алтын ұясымен қоштасқалы тұрған іні-қарындастарына алдағы сынақтардан сүрінбей өтіп, үлкен өмірде жолдары ашық болуын тіледі.

Айта кетейік, С.Шарипов атындағы Доссор мектеп-интернаты 50 жылдық тарихы бар үлкен ұжым. Осы шаңырақта талай шәкірттер шалғай елді мекендерден келіп оқып жүр. Шараға қонақ болып келген түлектер де кезінде мектеп-интернатында оқыған әр ауылдың азаматтары. 45 жылдан кейінгі кездесуден ерекше әсер алған олар өткен шақтан естеліктер айтып, шер тарқатты. Сонымен қатар өздерінің атынан мектепке заттай демеушілік жасады.

Салтанатты жиынның жалғасы жас түлектердің ән, биімен жалғасын тапты. Одан әрі «Соңғы қоңырау» соғылып, мектеппен қоштасу әні шырқалды.

Қуандық Таңғалиев

С. Шарипов атындағы Доссор мектеп-интернатының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT