Ебін тапсаң, сорға да тал өседі

(0 Votes)

Қоршаған ортаның экологиялық ахуалын зерделеп, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын ұйымдастыру ауасы құрғақ, сортаң табиғатты ауданымыз үшін оңайға соқпайтыны белгілі.

Жыл сайын бұл мәселе санитарлық-тазалық айлықтарында назардан тыс қалған да емес. Жергілікті бюджеттен көгалдандыруға деген арнайы қаржы бөлініп, тал-теректер егу жұмыстары да жалғасын тауып отырады. Бұл тұрғыда «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы аясында да жұмысшы күшін ұйымдастырып та көрді. Алайда, қылтиған түптердің қараусыз жүрген ешкінің ерінінде кетіп, қылтан да шықпай сорлататыны тағы бар. Осылайша бюджет қаржысы құмға сіңген судай боп, жабулы қазан жабулы қала беретін-ді..

Өткеннен сабақ алу – бүгіннің еншісінде. Жергілікті әкімдік бұл мәселенің шешімін табуға тәжірибелі мамандар кеңесіне жүгініп, көгалдандыру жұмысын тиянақты үйлестірудің жолын да іздестіріп келеді. Осы мақсатпен биылғы көгалдандыру жұмысына ерекше көңіл бөлген аудан басшылығы ауыл ішін көріктендіру үшін көшет отырғызумен шектелмей, түрлі гүлдесті өсімдіктердің де тамыр жаюына ден қойып отыр. Атап айтсақ, айлық басталғалы Мақат кенті орталығындағы С.Мұқашев көшесіне 115 түп ағаш отырғызылса, Қ.Сәтпаев көшесіндегі аллеяға 200 түп шырайгүл өсімдігінің тұқымы егіліп, күн сайын суғару, күтіп, баптау жұмыстарына жеке кәсіпкер Н.Намашевтың жауапкершілігіне жүктелді. Сонымен қатар, аудан басшылығының ұйымдастыруымен кенттегі теміржол бойындағы ашық алаңдарға, С.Мұқашев көшесінде орналасқан 80/7 үйдің сыртқы қапталына 250 түп жапырағын жайған көшеттер отырғызылып, кент ішінің сәнін келтіре бастады. Демеушілер көмегімен қолға алынған ағаш түптерінің тереңге тамыр жайып кетуі үшін Махамбет ауданы, Алмалы селосынан Камаз көлігімен 3 рейс құнарлы топырағы тасымалданып, 20 қап тыңайтқыш әкеліп, салынды. Сонымен қатар сенбіліктер ұйымдастырылу барысында әрбір мекеме кәсіпорын ұжымдарының өз күштерімен тал отырғызу, көгалдандыру, саябақтарды абаттандыру шаралары да өздері еңбек ететін ғимараттар алдын жасыл желекке айналдыру талаптары да үдеден шығып келеді.

Көгалдандыру ісіне Доссор кенті әкімдігі де белсене атсалысып, табиғи экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында қарқынды жобаларды жүзеге асырып келеді. Өткен жылдардың да өзіндік өрнегі болар саябақтардың жайқалған бауға айналуы осының айғағы. Оған жергілікті жердің патриоттары Ержан Серікбаев, Асылбек Нұрғалиевтардың үлесі зор. Кентте биылғы көктемде де көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары асарлы түрде ұйымдастырылуымен ерекшеленді. Әкімдіктің ұйымдастыруымен көктем шыға Байбақты ата кесенесі бағытындағы жол жиегіне тал отырғызу «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» акциясы шеңберінде өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында қолға алынған шараның мақсаты ұрпақ сабақтастығын айқындап, ата мен немере арасындағы байланысты нығайтуды көздеді. Асарлы іске ардагерлер, кент әкімдігінің қызметкерлері, мектептердің жоғары сынып оқушылары және мұғалімдер атсалысты. Шара барысында 160 түп қара тал, терек ағаштарымен бөртегүл, раушан, жидек гүлдері отырғызылды. Акцияға қатысушылар талдың діңгегін әктеп, саябақтың іші-сыртын тазалауда белсенді еңбек үлгісін танытты. Сонымен қатар, Болашақ, Шапағат ықшам аудандарында 175 түп тал теректер отырғызылса, кент әкімдігі жанындағы саябаққа 14 түп ағаш пен 300 түп әр түрлі гүлдер отырғызылған. Аудан кенттеріндегі көгалдандыру жұмысына мекеме, кәсіпорын жұмысшылары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері жұмылдырылып, ортақ іске өз үлестерін қосуда. Ендігі міндет топыраққа отырғызылған жас шыбықтар мен гүлдердің тамыр жайып жайқалып кетуі үшін аса күтім керек. Тұрғылықты жердің құлпырып, абаттануына әрбір тұрғынның жауапкершілігі оянып, елжандылық сезімі қалыптасса, отырғызылған талдар орман болмағанымен, саясы күн мен желге қорған болар еді?.

Л.МЫҢБАЙҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521