Жақында редакциямызға Ләйлә есімді оқырман үй жағдайында тропикалық жеміс-жидекті баптап-бағып отырғанын айтып хабарласты. Көп ұзамай-ақ, доссорлық бұл оқырманымыздың шаңырағына жолымыз түсіп, арнайы барып, аз да болса бастап жатқан ісінің қыры мен сырына қанық болдық.
Өсімдіктерін жиыстырып қойған бөлмеге кіре сала көздің жауын алатын жасыл желектерге тамсана қарап қалыппыз. Мұнда жеміс-жидектердің түрі өте көп. Ауданымыз түгілі, елімізде өспейтін тропикалық жемістерден: мандарин, киви, құрма, финики, анар секілді түрлері Ләйлә Әбдешеваның жылыжайында жайқалып тұр. «Тыңнан түрен түрген» апаймен бірден әңгімені бастап кеттік.
«Биыл күз айларынан бастап ойланып, әрі ермек, әрі тәжірибе болсын деп бұл істі бастадым. Гүл өсіруді қолға алу арқылы мен жаңа бір өнермен табысқандай күйге ендім. Күн сайын бақылап, күтімін жасап отырамын. Ауырып тұрғандарын көрсем, жаным ашиды. Гүл аса қамқорлықты қажет ететіндіктен, әрқайсысына мұқият назар аударып, жеке сырымды айтып, ішімдегіні ақтарып та аламын»,- деді кейіпкеріміз.
Қалауын тапса, қар жанар демекші, тропикалық елде өсетін өсінділерді өз өлкемізден көрудің өзі бір ғанибет болды. Бұл Ләйлә Беғалиқызының алғашқы тәжірбиесі болғандықтан, үміт пен бірге күдігі де бар. Ол бастапқыда ғаламторды ақтарып, күтіп-баптау жолдары қандай деген сауалдарға жауап іздей бастайды. Кейін жемістердің тұқымдарын егіп көріп, соны үлкен іске айналдырып отыр.
«Бастапқыда кивидің бір тілімін ортасынан кесіп топыраққа салып қойдым. Екі ай уақыттан кейін көктеп, жасыл желектері бой көтере бастады. Анардың да дәнін ектім. Ол ұзақ уақыт өсіп, қурап қалып, қайта гүлдеп жатыр. Финикидің дәндерін ылғалдандырып, буландырып қойдым. Кейін ол дәнін жарып тамыры шыққаннан кейін, оны топыраққа салдым. Қазір көктеп жайқалып тұр. Грек жаңғағын буландырып қойдым, енді оның шыққанын күтіп жүрмін»,- деп сөзін жалғастырды Ләйлә.
Бағбанның сондай-ақ бой көтермеген өсінділері де бар. Мысалы, еккен жүзім, лимон секілді жемістері гүлдемей қалған.
Ләйлә Беғалиқызы сонымен қатар, жуа, сарымсақ, сәбіз көкөністерін үй жағдайында егіп, тамырландыруда. Егін егетін уақытта ауласына шағын бақша екпекші.
«Үй жағдайында жуаны топыраққа салып егіп, көк жуасын балғын күйінде пайдаланамын. Базарда бұлар қыс мезгілінде қымбаттау болады, әрі өз үйіңдегідей балғын болмайды»,- дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде Ләйлә Әбдешова А.Құнанбаев атындағы орта мектебінде кіші қызметкер болып еңбек етеді. Ол сондай-ақ мектепті көгалдандыруға атсалысып жүргенін сөз арасында айтып қалды. Үйдегі өсінділерінің тұқымдарын бөліп, мектепке тапсыруды жоспарлап отыр. Түрлі өсінділерді өсіру арқылы ауыл балаларының экология мәдениетін қалыптастыруға тигізер септігі мол болмақ дейді.
Бір өкінштісі, Ләйлә Беғалиқызы ІІ топ мүгедегі. Жол апатына түскен ол денесіндегі ауырлықтан тағдыр тауқыметін тартып келеді. Десе де, көз жанарының нашар көретініне қарамастан, адам баласының мүмкіндігі шектеусіз екенін дәлелдеп бағуда.
Осынау керемет көріністің шығуына септігін тигізген 55 жасар Ләйлә Әбдешевамен тілдескенімізде: «Гүлші бір гүл өсіргенше жүз тікеннің уын жұтады» деген мақал ойымызға оралды. Иә, машақаты көп болса да, гүл өсірудің әдісін меңгеріп, хоббиіне айналдырып, өзі тұрып жатқан үйін баққа айналдыруы, ауласы ақ сорға айналған кейбір дені сау тұрғындарға үлгі десек, артық айтқандық емес.
Өсінділерін су құйып, ыдысын ауыстырумен келмейтінін, сондай-ақ өсіріп, күтіп-баптауда терең білім керектігін әңгімелесу барысында ұғынғандай болдық. Бағбанның ендігі арманы тропикалық жемістерді өсіріп, пайдасын көру үшін үлкен жылыжай салу.
Ендеше жемістеріңіз жайқала берсін демекпіз!
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордікі