Бішкекте «Ғасырлар ізімен: Қазақстан тарихының бейнесі» атты халықаралық фотокөрме ашылды

Бішкекте «Ғасырлар ізімен: Қазақстан тарихының бейнесі» атты халықаралық фотокөрме ашылды
Фото: Гүлмира Абдрахманова / Kazinform
(0 Votes)

АСТАНА. KAZINFORM – Қырғыз Республикасының Ұлттық тарихи музейінде Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасына арналған екі апталық халықаралық фотокөрме ашылды.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Мәдениет комитеті, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейі, Қырғыз Республикасының Ұлттық тарихи музейі және Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігі ұйымдастырды.

Орталық мемлекеттік музейдің ғылыми қызметкері Назгүл Асылбекова атап өткендей, көрме қырғыз жұртшылығын қазақ халқының бай тарихымен және рухани мұрасымен таныстыруды мақсат етеді.

    – Бұл көрмеде Шоқан Уәлиханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Қаныш Сәтбаев, Әміре Қашаубаев, Дина Нұрпейісова, Күләш Байсейітова сияқты қазақтың ұлы тұлғалары туралы тың фотоматериалдар ұсынылған. Сондай-ақ фотосуреттер арқылы қазақ халқының дәстүрлі өмір салты мен мәдениеті көрсетіледі. Көрме арқылы тіл, мәдениет, тарих және дәстүрі ұқсас екі бауырлас елдің достығын қазіргі ұрпаққа тағы бір мәрте паш етуді көздейміз, – деді ол.

Назгүл Асылбекованың айтуынша, көрменің ерекше бөлігі – қазақ мәдениетінің көрнекті өкілдері Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Дина Нұрпейісова және Кенен Әзірбаев пайдаланған музыкалық аспаптардың дәл көшірмелері.

    – Бұл біздің музей әзірлеген арнайы жоба. Келушілер қазақ халқының мәдени мұрасымен жақынырақ танысып, тарихты сезініп, музыкалық аспаптарға қол тигізіп, олардың үнімен рухани байланыс орната алады, – деді музей қызметкері.

Қырғыз Республикасы Ұлттық тарихи музейінің директоры Жылдыз Бакашова мәдени іс-шараның маңызына тоқталды.

    – Бүгін біздің музейде Қазақстан Орталық мемлекеттік музейінің қорындағы бірегей фотоматериалдар негізінде әзірленген көрме ашылып отыр. Ол қазақ халқының бай әрі көпғасырлық тарихын, көшпелі дәстүрлерінен бастап ХХ ғасырдағы мәдени жетістіктерге дейінгі жолын баяндайды. Әрбір сурет – қазақ халқының рухы мен даналығының, жасампаз күшінің тірі куәсі. Тағы бір айта кетерлігі, бұл көрме біздің музейдегі «Ашық есік айымен» тұспа-тұс келіп отыр. Күн сайын 10-17 мыңға дейін келуші қабылдаймыз. Сондықтан бұл көрме бауырлас халықтың тарихи-мәдени мұрасымен танысуға зор мүмкіндік береді деп сенемін, – деді ол.

Көрменің ашылу салтанатында қонақтарға «Ортеке» дәстүрлі орындаушылық өнері ұсынылды. Бұл – домбыра үнімен бірге ағаштан жасалған серке бейнесінің билеуі арқылы орындалатын ерекше сахналық қойылым.

2024 жылы 100 жас домбырашы «Ортеке» күйін шертіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді.

 

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT