Доссорлық Динара көгілдір экранның көзайымы

(1 Vote)

Ауданымыздан түлеп ұшып, еліміздің әр өңірінде жемісті еңбек етіп жүрген жастар жетерлік. Солардың бірі – журналистика саласында өзіндік ізін қалыптастырып, бүгінде елордамыз Астана қаласындағы республикалық «Аtameken business» телеарнасында еңбек етіп жүрген әріптесіміз Динара Жоламанқызы.

1996 жылы Доссор кентінде дүниеге келген ол отбасында үш баланың ортаншысы. Жастайынан білімге құштар болып өскен қыз бастауыш сыныпты С.Шарипов атындағы мектеп-интернатында оқыса, орта білімді Б.Қанатбаев атындағы мектепте жалғастырады. 11 сыныпты аяқтаған соң, Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетіне оқуға түсіп, филология мамандығы бойынша білім алады.

«4-5 жасымнан-ақ ән айтып, көпшілік алдына шығып үйрендім. Сол кезден бастап аудан деңгейіндегі түрлі сайыстарға қатысатынмын. Мектепте қандай іс-шара болмасын басы-қасында жүріп, белсенді оқушылардың қатарында болдым. Ауданда қандай да болмасын мәдени-әдеби шаралар өтсе ұстаздарым мені мектеп атынан бәйгеге қосатын. Білесіз бе, мені не қуантады?! Ұстаздарымның менің бойымнан өнерді байқап, оны ұштағаны», - дейді доссорлық ару.

Қызығы мен қиындығы қатар жүретін салада қызмет етіп жүрген Динара журналист болу бала күнгі арманы екенін айтады.

«Студент бола жүріп, Ұлттық арна және «Хабар» телеарналарындағы жобаларға көрермен болып баратынмын. Сондағы бар мақсатым - камераның сыртындағы өмірмен танысу еді. Өйткені, бала кезден сол атмосфераны армандап, қалап өстім. Студия, жарық, камераны көргеннен кейін, бұл мамандыққа деген махаббатым еселенді. Жоғары оқу орнын аяқтап, дипломмен Атырауға оралдым. Өзім оқушы күннен Атырау телеарнасында журналист болғым келетін. Бірде әкем: «Ертең телеарнаға барасың. 2-3 ай сол жерде тағылымдамадан өт. Жұмысқа ал, ақша төле деме. Талабың болса, қабілетіңді көрген өздері сені жұмысқа қалдырғысы келеді. Өзіңді дәлелде. Жақсы маман екеніңді көрсете алмасаң, ешкімге ренішің болмасын», - деді. Осылайша, «Жаңалықтар» бөлімінде микрофон ұстаудан бастап, сұхбат алу, мәтін жазуды меңгердім. Екі айдан кейін 22 жасымда «Жаңалықтар» бөліміне ресми түрде жұмысқа алындым. 4 айдан кейін телеарнаның «Ең үздік журналист» номинациясын иелендім. Бұл арнада жүріп қосымша «Сіз білесіз бе?», «Атырау таңы» хабарларын жүргіздім. Тура 1 жылдан кейін облыстағы «Caspian news» тәуелсіз телеарнасына қызмет ауыстырдым. Бұл жерде маман ретінде басқа деңгейге көтерілдім. Облыстағы проблемаларды билікке жеткізіп, сыни сюжеттер дайындай бастадым. Тікелей эфирлер жүргіздім. Әр күн сайын «Бүгінгі тақырып» хабарына мемлекеттік орган басшыларын шақырып, көрермен сауалдарына жауап алатынмын. Оның бәрі үлкен тәжірибе. Алғаш тікелей эфирге шыққан күні бала арманымның орындалғанына шүкірлік айттым», - дейді арманына жеткен бойжеткен.

Еңбек жолында өзінің еңбекқорлығымен көзге түскен Динара бала кездегі естеліктерімен де бөлісе кетті.

«Бала кезімде үйде жалғыз қалсам, әдемі киініп алып, айнаның алдына отырып, сұхбаттар жүргізетінмін. Өзіме өзім сұрақ қойып, кейін өзім жауап беремін. Ойым шашыраңқы болса, «мына түріңмен қалай журналист болмақсың?!» деп өзіме ұрысып қоятынмын. Әлі де солай. Эфир алдында қобалжу болып тұрады. Тікелей эфир басталарға 1-2 минут қалғанда аяқасты қобалжып кететін кездер болады. Ондайда айтар сөзіңнен жаңылып, жинақтап тұрған ойыңның бәрі шашырайды. Сондықтан өзіме бір ұрысып жіберіп, ары қарай жалғастырып кетемін.

Жақында 6-сыныпта жазған шығармамды тауып алдым. «Мамандық таңдауда қателеспей журналист болғым келеді » деппін. Демек бала арманымның орындалғаны. Негізі менде журналист мамандығынан басқа таңдау болмады. Ата-анам да, ұстаздарым да бұл таңдауыма қарсы болмады. Менің пысықтығым мен көпшілік алдында еркін сөйлей алатыным, ойымды анық жеткізетініме сенсе керек», - дейді өз қабілеті мен күшіне сенім артатын Динара.

Иә, тілшілердің жұмысының қиындығымен қызығы қатар жүретіні белгілі. Қоғам үшін маңызды рөл атқаратын сала ең алдымен жан-жақты білімділікті, төзімділік пен жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан, қоғам өмірін ақпарат саласының мамандарынсыз елестету мүмкін емес. Осы ретте кейіпкеріміз басынан өткен қызықты оқиғасымен бөлісті.

«Біздің мамандықтың қызығы да, шыжығы да көп қой. Бірде 7 ауданды аралап, 1 ай бойы хабар түсіріп келдік. Әр апта сайын бір ауданның өнерпаздарын эфирге беріп отыруымыз керек болды. Қызылқоға ауданының кезегі келгенде, флэшкада түсірген материалдарымыз жоқ. Ол ауданда 2 күн түсірілім жасағанбыз. Ойлаңызшы, ол қаншама төгілген еңбек, уақыт. Жанымдағы оператор, режиссер, көлік жүргізушінің еңбегі бар. Сол күйі эфирге шықпады. Бірақ мен үшін үлкен сабақ болды. Жауапкершілік, ұқыптылық, түптеп келгенде өзімнің абыройым. 50-ден аса өнерпазға эфирге шықпайтынын түсіндіру деген... Қалай айтсаң да, ақталмайтын дүние», - дейді ағынан ақтарылған Динара.

«Адамның кіндік қаны тамған жерге, маңдайының тері де таму керек», - демекші, кейіпкеріміз болашақта туған жерге келіп қызмет етуге дайын екендігін айтады.

«Туған жерге барып, қызмет етуге дайынмын. Алайда, әзірге тәжірибе жинақтау керек. Елге барғанда да тың дүние бере алу керекпін ғой. Негізі алда жоспарларым көп. Алдын ала уәде бермейін. Уақыты келгенде қолымнан келгенше, бар мүмкіндігімді пайдаланып туған жерге қызмет етемін», - дейді Динара Бағытова.

Елордадағы қайнаған ортаның жұмыс тәртібі ұнайтындығын айтқан ол Астана қаласына көшуге еш ойланбағандығын айтады. Оның сөзінше, 2020 жылы әріптестерінің бірі оны республикалық «Atameken business» телеарнасына ұсынған. Көп ұзамай арнаның Атырау облысындағы меншікті тілшісі болып жұмыс бастайды. Мұнайлы өңір жаңалықтарын республикаға таратып жүрген оны бір жарым жылдан кейін компания Астана қаласына бір апта тәжірибе алмасуға шақырады. Ол жақта ұжыммен танысып, 5 күн орталықтан сюжеттер дайындайды. Сөйтіп, Атырауға қайтатын күні, басшы шақырып алып, Астанада жұмыс істеуге ұсыныс тастайды. Ал бұл ұсынысқа Динара ойланбастан келісім береді. Осылайша ол Астанаға қоныс аударып, бүгінде «Atameken business» телеарнасының арнайы тілшісі болып қызмет атқарып келеді.

«Астанаға келушілердің басым көпшілігі секілді мен де қызмет етуге келдім. Алға қойған мақсаттар мен тың идеяларды жүзеге асыру үшін елордамызға көштім. Астана – жастардың қаласы дер едім. Жүздеген, мыңдаған жас осылай қарай ағылып жатыр. Олардың армандары алдамайтынына сенемін. Өйткені, Астана – зор мүмкіндіктер мекені. Себебі біздің де армандарымыз орындалып келеді. Бұл үлкен қалада үнемі қайнаған тіршілік, айналаңда жанталасып-жағаласып жүрген бір адам, яғни бәсекелестік өте жоғары, ал бәсекелестік бар жерде ғана алға жылжуға, дамуға мүмкіндік бар. Мұнда жаныңа не керектің бәрі бар және оның артықшылықтарын көре білу, оны мүмкіндік ретінде пайдалану – әр адамның өз қолында. Сондықтан да біз Астананы жақсы көреміз», - дейді сөзін қорытындылаған Динара.

Иә, тәулік бойы жұмыс істеп, тынбай еңбектенудің арқасында бүгінде ақпарат майданының үздігі болып жүрген Динараны аудан жұртшылығы мақтан етеді. Сондықтан, жаста болса, осы жолда өзіндік ізін қалыптастырып жүрген ол талай жастарға үлгі болары анық.

Ә.ҚАСЫМ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT